Әлеуметтік жағынан осал топқа жататын 2788 жанұяға коммуналдық тұрғын үй қорынан жалға берілетін баспаналар үлестіріліпті
Алматыда жыл басынан бері 4 мыңнан аса отбасы мемлекеттік тұрғын үй қолдауына ие болды. Қоныс тойын тойлағандардың бір бөлігі халықтың әлеуметтік осал тобына жататын азаматтар болса, қалғаны – қаланың әлеуметтік маңызы бар салаларында еңбектеніп жүрген жастар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
31 жастағы Ақмарал Асқарқызы – 4 баланың анасы. Әлеуметтік салада қызмет етіп жүрген ол баспаналы болуды 10 жылдан бері армандап келген. Ал несиеге үй алу үшін бастапқы жарнасы жетпегенін айтады. Алайда жас мамандарды қолдауға бағытталған «Алматы жастары» бағдарламасы туралы естіп, тиісті құжат тапсырған. Бүгінде көптен күткен тілегі орындалып, қоныс тойын тойлағалы отыр.
«Пәтер алу – біздің басты арманымыз. «Алматы жастарының» арқасында пәтер алып, қоныс тойын тойлап жатқан жайымыз бар. Мұның барлығы жастардың болашағына, үміті зор адамдарға бұл өте керемет мүмкіндік деп санаймын», - деді қала тұрғыны Ақмарал Бәкеева.
Қала тұрғыны Роза Сейіткәрімқызы да биыл көптен күткен баспанасына қол жеткізіпті. Мүгедектігі бойынша пәтер кезегінде тұрған 76 жастағы қария бүгінде 1 бөлмелі пәтердің иесі атанған.
«Он жыл өтініш жазып едім. Міне, бүгін осындай қуанышқа жетіп жатырмыз. Пәтерлі болдым. Біз сияқты адамдарға қарағанына, жәрдем бергеніне Үкіметке көп-көп рахметімді айтамын!», - деді қала тұрғыны Роза Молдашева.
Жалпы қалада жыл басынан бері мемлекеттік қолдау шаралары аясында 4114 отбасы баспанамен қамтылды. Оның ішінде 1326 жас маман жалпы сомасы 26 миллиард теңгеден аса қаражатқа «Алматы жастары» бағдарламасы арқылы үй сатып алған. Пәтер иеленгендердің басым бөлігі – мәдениет, спорт, білім беру, денсаулық сақтау, бұқаралық ақпарат құралдары мен құқық қорғау органдары салаларының өкілдері. Ал әлеуметтік жағынан осал топқа жататын 2788 жанұяға коммуналдық тұрғын үй қорынан жалға берілетін баспаналар үлестіріліпті.
«Өткен аптада «Отбасы банк»-ке тұрғын үйдің кредиттік бағдарламасы бойынша 699 пәтерді бердік. Жақын арада олар жариялауы керек.Тұрғындардың арасында «концепция» деп аталады. Күнкөріс деңгейі жоғары, жалға берілетін үйлерге кезекте тұрып, өтпей қалған адамдар осы концепцияға қатысуларына болады», - деді Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Жандос Қайырханов.
Айта кетейік, былтыр «Алматы жастары» бағдарламасы аясында 2286 азаматтың баспана мәселесі шешілген. Ал қазір коммуналдық тұрғын үй қорынан жалға берілетін 3289 пәтерді осал топтағы азаматтарға үлестіру бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Жыл соңына дейін 11 мыңнан аса алматылық отбасы қоныс тойын тойламақ.
Аяулым Көлжігіт, Әлішер Ерғалиұлы
Оқи отырыңыз: Алматыда мектепке дейінгі білім беру жүйесіне қандай тәсіл енгізілмек