Алматыда жылу жүйелерін жаңғырту жұмыстары аяқталды
Мегаполисте ертеңнен бастап әлеуметтік нысандарға жылу беріледі
Алматыға ертеңнен бастап жылу беріледі. Орталықтандырылған жүйеге ең алдымен балабақшалар, мектептер мен медициналық мекемелер қосылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматы қыс мезгіліне сақадай сай. Қалада жылу беру ертеңнен бастап кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Алдымен әлеуметтік нысандар, ал 10 қазаннан бастап тұрғын үйлер жүйеге қосылады. «Алматыжылужайэнерго» мекемесі жылыту маусымына дайындық бойынша негізгі шаруаны аяқтағанын мәлімдеді. Нысандарда қажетті жөндеу және профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, жабдықтар толық тексерілген. Бүгінде кәсіпорынның балансында 87 жылыту қазандығы бар. Оның 9-ы - ірі, қалғаны – шағын қазандықтар. Биыл олардың екеуі толық жаңартылды.
«Жылыту маусымы басталғанға дейін барлық резервтік жабдық сынақтан өткізілді. Қазандықтар жұмысқа дайын. Қазір таулы аймақтағы 3 қазандық іске қосылып, тұтынушыларға жылу беріле бастады. Алты ірі қазандықта жылу тасымалдағыштың циркуляциясы іске қосылды. Жалпы, маусымды бастауға әзірміз», – деді «Алматыжылужайэнерго» ЖШС бас инженері Павел Леденцов.
Сондай-ақ мегаполисте жылу жүйелерін жаңғырту бойынша жоспарланған жұмыстардың негізгі кезеңі аяқталған. Биыл желілердің 20 шақырымға жуық бөлігі жаңартылыпты. Шаруа негізінен аулалар арқылы өтетін таратушы желілерде жүргізілген. Бұл көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырып, қыс мезгілінде апаттық жағдайлардың туындау қаупін азайтуға мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, биыл жылу желілерінің тозу деңгейі 54 пайызға жуықтайды. Жалпы, жылыту маусымында 16 апаттық және жөндеу бригадасы мен 56 арнайы техника кезекшілік етеді.
«Биыл құрылыс жұмыстарын 100 пайызға аяқтадық. Асфальт салу жұмыстары жүріп жатыр. Олар қыз мезгілінде ешқандай бөгет жасамайды. 20 шақырымнан аса жұмыс атқарылды. Себебі олар нормативтік ұзақтығын 25 жылдан аса қызмет атқарды. Қыс уақытында қолайсыздық тудырмау үшін жоспарға кіргізген», – деді «Алматы жылу желілері» ЖШС техникалық директоры Дархан Жанқарин.
Мегаполисте ірі энергетикалық нысандарды жаңғырту жұмыстары да жалғасып жатыр. Соның бірі – №2 жылу электр орталығы. Жоба аяқталған соң станса табиғи газға көшіп, электр қуатын өндіру көлемі артады. Зиянды заттар мен көмірқышқыл газының шығарындылары да азаяды. Қазір нысанда іске қосу-баптау жұмыстары жүріп жатыр. 30 қыркүйекте стансаға табиғи газ беріліп, су жылытатын қазандық алғаш рет іске қосылды. Жобаны биыл аяқтау жоспарланып отыр.
Олжас Омарбек, Ханкелді Ахметханов
Оқи отырыңыз: Алматыда садақ атудан Қазақстан кубогының финалдық кезеңі өтеді