Наурыз-думан: Абай алаңында мерекелік кеш пен қолөнер жәрмеңкесі қалай өтіп жатыр

22.03.2026 16:38

Наурыз мерекесіне арналған іс-шара кешке дейін жалғасады

Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметі

Алматыдағы Абай алаңында өтіп жатқан мерекелік концерт әлі де жалғасуда,  деп хабарлайды Almaty.tv.

Сахнада өнер көрсеткен Лара Рысбайдың әнін көрермендер ұйып тыңдаса, Димаш Дәулетов те өз орындауымен көпшілік көңілінен шығуға тырысты. Қала тұрғындары өнерпаздарға қосылып ән айтып, би билеп, кештің әсерлі өтуіне атсалысып жатыр.

Абай алаңындағы мерекелік кеңістік тек музыкалық қойылымдардың орталығы ғана емес, сонымен бірге ұлттық дәстүрмен қауышатын орынға айналды. Мұнда қолөнершілер жәрмеңкесі ұйымдастырылып, ұлттық әшекейлер мен сәндік бұйымдар көпшілік назарына ұсынылды.

Әсіресе шеберлердің еңбегіне қала тұрғындары мен қонақтар ерекше қызығушылық танытып, бұйымдарды қолмен ұстап көріп, ұнатқан дүниелерін бағасына қарамастан сатып алып жатқандар да бар.

Наурыз мерекесіне арналған іс-шара кешке дейін жалғасады.

Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтары мерекелік шараға қатысып, ән тыңдап, әз-Наурызды көпшілікпен бірге атап өтуге шақырылады.

Оқи отырыңыз: Қазақстан қалаларында наурыз көже қанша тұрады - шолу