Алматыдағы Тұңғыш Президент саябағында Бірлік күнін дәріптеген фестиваль өтті

Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметі
Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметі

Іс-шараның ерекше бөліктерінің бірі - ұлттық тағамдар жәрмеңкесі болды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мегаполистегі Тұңғыш Президент саябағында Қазақстан халқының бірлігі күніне орай кең ауқымды мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ашық аспан астында ұйымдастырылған концерт-фестивальге қала тұрғындары мен қонақтары көптеп жиналды. Мерекелік сахнада отандық танымал эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Саябақ алдында әуелеген ән-жыр, би-күй де елдегі татулық пен бірліктің маңызын айшықтай түсті.

Іс-шараның ерекше бөліктерінің бірі - ұлттық тағамдар жәрмеңкесі болды. Елімізде өмір сүріп жатқан түрлі этнос өкілдері өздерінің ұлттық дәмін ұсынды.

”Биыл екінші жыл 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күніне Бостандық ауданы әкімдігімен бірлесіп фестиваль өткіздік. Біздің халықаралық мектептің әр сыныбына бір-бір ұлттан бекітіп бердік. Олар сол этностың ән-би, жыр-күйінен концерт берді. Мәдениетін, құндылығын көрсетті. Әр сынып оқушылары ата-аналарымен бірігіп әр ұлттың әшекей бұйымдарын жасап әкеліп, қолөнер жәрмеңкесіне қойды. Ұлттық тағамдар жәрмеңкесі де ойдағыдай өтті. Түскен қаржыға осы фестивальде бізбен тілек біріктірген “Kitapal” кітап дүкенінен көркем шығармалар сатып алып, бәрін шалғай ауылдардағы мектептерге сыйлайтын боламыз. Мұндай фестивальдер барлық ұлтты біріктіреді, бұрынғыдан да жақындастыра түседі деп ойлаймын”, - дейді өзбек этносының өкілі, Алматыдағы “Galaxy International school” халықаралық мектебінің директоры Бахтиер Эрметов.

Бірлік күнін тойлауға келген, қолында тәтті балмұздағы бар жас ұрпақты да сөзге тарттық.

”Біздің сыныпта 23 оқушы бар. Сафия есімді араб қызы мен Метехан атты түрік баласы да бізбен бірге оқиды. Екеуі де қазақша сөйлейді. Біз бір-бірімізді құрметтейміз. Доспыз. Менің Қазақстаным бәрін жақсы көреді”, - дейді Алматының 147-ші гимназиясының 5-сынып оқушысы Кәусар Айдарбай.

Оқи отырыңыз: Алматының Әуезов ауданы халық бірлігі мерекесін қалай атап өтті 

Новости партнеров