Келер жылы бұл бағытта тағы бірқатар жобалар іске асырылмақ
Алматы Орталық Азияның басты туристік хабы ретіндегі беделін бекемдей түсті. Биыл алып шаһарға 2 миллионға жуық саяхатшы келген. Келер жылы бұл бағытта тағы бірқатар жобалар іске асырылмақ. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алып шаһар Алматыға соңғы екі жылдың ішінде келген туристер саны бірден 12 есеге артыпты. Қала басшысы атап өткендей, келер жылы да мегаполисте туристік әлеуетті дамыту үшін кешенді жұмыстар жалғасын табады. Келушілер үшін жаңа мәдени бағыттар іске қосылып, қала инфрақұрылымы одан әрі жаңғыра түспек.
"Алматының өңірлік туризм орталығы ретінде танылуы жоғары халықаралық бағалармен расталады. Қаламыз шаңғы тебу туризмі бойынша топ-5 бағыттың қатарына енді және ең жақсы 10 саяхат орындарының бірі ретінде белгіленді. Осы жылдың қарашасында Qatar Travel Mart-2024 халықаралық көрмесінде Алматы әлемнің 60 елдің қалалары арасында үздік туристік бағыт мәртебесіне ие болды", – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
“Тұрғындардың қауіпсіздігі - басты басымдық”. Осылай деген шаһар басшысы бүгін қаладағы қауіпсіздк жайлы сөз қозғады. Бұл бағытта 10 мыңнан аса нысанға сейсмологиялық аудит жүргізілген екен. 2026 жылға дейін мегаполисте қосымша 70 сейсмостанса орнатылады.
"Біздің жұмысымыздағы ең маңызды міндеттердің бірі – сейсмикалық қауіпсіздікті арттыру. Осы мақсатта 11 мыңға жуық нысанға сейсмоаудит жүргізілді, бұл жұмысты толығымен аяқтадық. Ал келесі жылдың бірінші тоқсанында барлық нәтижелер жарияланатын болады", – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
17 қазанда сіздердің қатысуларыңызбен тұрғындарды ескертуге арналған «Mass Alert» жүйесі арқылы қалалық сейсмикалық оқу-жаттығу өткізілді.
Бүгін мегаполис басшысының жылдық есеп беруінде айтылған бірқатар мәселелерге қатысты қоғамдық кеңес мүшелері де өз пікірін білдірді. Олар бір жыл ішінде түрлі салада болған оң өзгерістерді тілге тиек етті.
"Туризм жайлы айтатын болсақ, биыл мониторинг жүргізілді. Ол арқылы қаланың ішіне туризм, сарапшылар үлесін қосты. Туризмнің дамуына үлес қосатын шара – жаңа терминалдың ашылуы. Жаңа терминал арқылы жылына 14 миллиондай туристті қабылдайды", – деді қоғамдық кеңестің мүшесі Нұржан Жақыпов.
"Жайлы орта үшін бірнеше нысан салу жоспарда бар. Бірнеше ауданда жаңа арбаттар, демалыс орындарына арнайы аймақтар салынайын деп жатыр, ескілеріне күрделі жөндеу жүргізіп жатыр. Ал бірнеше саябақ күрделі жөндеуден өтті. Осының бәрі – тұрғындардың жүріп-тұруына үлкен септігін тигізіп жатыр", – деді қоғамдық кеңестің мүшесі Талғат Жанысбай.
Сондай-ақ қалада ұзындығы 49 шақырымдық 11 көше көріктендіріледі. 2030 жылға дейін барлығы 94,2 шақырымды құрайтын 37 көше жөнделеді. Қала әкімінің сөзінше, жаңғырту жұмыстары әлемнің ірі мегаполистерінің озық тәжірибесін ескеріп жасалатын болады.
Әйкерім Пернебек, Жақсылық Тілепберген
Оқи отырыңыз: Алматының "Бақша қала" мәртебесін жандандыру жоспары: 27 мың ірі көшет отырғызылмақ