Алматылық дәрігерлер сегізінші қабаттан құлаған жасөспірімнің өмірін сақтап қалды

06.11.2026 11:21

Науқас шұғыл түрде анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөліміне жатқызылды

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы №1 қалалық балалар клиникалық ауруханасының дәрігерлері сегізінші қабаттағы баспалдақ алаңының терезесінен құлап, ауыр жарақат алған 13 жастағы жасөспірімнің өмірін сақтап қалды. Сегізінші қабаттың биіктігі орта есеппен 24 метрге жетеді. Бала асфальтқа құлаған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жасөспірімді ауруханаға жедел жәрдем бригадасы жеткізген. Түскен кезде оның жағдайы аса ауыр деп бағаланды. Дәрігерлер балада бірнеше ағзаның қатар зақымданғанын, бас сүйек пен мидың жабық жарақатын, мидың соғылуын, қол-аяқ сүйектерінің көптеген жерден сынғанын, кеуде және құрсақ қуысы ағзаларының зақымданғанын анықтады. Сондай-ақ жарақат салдарынан  балада шок болған.

Науқас шұғыл түрде анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөліміне жатқызылды. Дәрігерлер жарақаттардың ауқымын анықтап, әрі қарай емдеу тәсілін белгілеу үшін басынан аяғына дейін компьютерлік томографиядан өткізіп, жан-жақты тексерді.

«Бала ауруханаға түскен кезде оның жағдайы аса ауыр болды. Дереу шокқа қарсы шаралар қабылданып, қан айналымын тұрақтандыруға және ағзаның өмірлік маңызды қызметтерін сақтауға бағытталған қарқынды ем басталды. Алғашқы екі тәулікте реаниматологтардың басты міндеті науқастың жағдайын тұрақтандыру болды. Жағдайы біршама түзелгеннен кейін бала қажетті хирургиялық көмек көрсету үшін операциялық бөлмеге жеткізілді. Отадан кейін елеулі асқыну болған жоқ. Кейін жағдайы жақсаруына байланысты науқас бейінді бөлімшеге ауыстырылды», - дейді №1 қалалық балалар клиникалық ауруханасы реанимация бөлімінің меңгерушісі Медетали Макулбеков.

Үшінші тәулікте жасөспірім реанимация бөлімінен травматология бөлімшесіне ауыстырылды. Травматологтар мен реаниматологтардан құралған медициналық топ оған барлығы төрт ота жасады. Емдеу шараларына хирургтер Бақытқали Қожаханов пен Әділжан Нұров, анестезиолог Медетали Макулбеков, ассистенттер Абзал Әбдіқасым мен Болат Ермекұлы қатысты.

«Болған жағдайдың қаншалықты ауыр екенін сөзбен жеткізу қиын. Сегізінші қабаттан құлау - аса ауыр жарақат. Мұндай жағдайда баланың аман қалуының өзі үлкен ғажайып деуге болады. Біздің команда қажетті медициналық көмекті дереу көрсетуге кірісті. Алған жарақаттарының сипаты мен ауырлығын ескере отырып, төрт ота жасау туралы шешім қабылданды. Барлық ота сәтті өтті. Қазір науқастың жағдайы ем нәтижесі жақсы болады деп күтуге негіз береді. Алда баланы әрі қарай емдеу, қалпына келтіру және оңалту кезеңдері күтіп тұр. Біз оның жағдайын бақылауды жалғастырып, тезірек сауығып кетуі үшін барлық қажетті шараны қабылдап жатырмыз», - деді №1 қалалық балалар клиникалық ауруханасы директордың орынбасары Құрметбек Тоқтар.

Жағдайы жақсарған жасөспірім стационардан шығарылды. Енді оның емін емхана мамандары жалғастырады. Ал желтоқсан айында ол оңалту емін қабылдайды.

Оқи отырыңыз: Алматыда ЭКО арқылы туған алғашқы қазақстандық баланың 30 жылдығына арналған конгресс басталды

Толық көрсету