Іс-шара "Таза Қазақстан" экологиялық бағдарламасы шеңберінде өтті
Бүгін Алматыда ауқымды қалалық сенбілік өтті. «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасының кезекті маусымдық кезеңі аясында ағаш отырғызуға арналған учаскелер белгіленіп, қаланың көшелері мен қоғамдық кеңістіктері, саябақтар мен скверлер, өзен жағалаулары мен су айдындары тазартылды. Іс-шараға еріктілер, жастар, қоғам белсенділері, мәдениет және спорт саласының өкілдері атсалысты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Негізгі санитарлық жұмыстар «Достық» саябағында жүргізілді. Жергілікті тұрғындар мұнда сенбілік өткізу туралы жиі өтініш білдірген.
Экоактивист Евгений Мұхамеджанов та тазалық шарасына қатысып, қалдықтарды қайта өңдеу бағытындағы өз жобаларын таныстырды.
– Біз адамдарға экологияның шынайы мәнін түсіндіреміз: тұрмыстық қалдықтарды күн сайын сұрыптауды әдетке айналдыру қажет. Бұл бағытта кешенді жұмыс керек, қала тұрғындарын қызықты интерактивтерге тарту арқылы экологиялық мәдениетті дамыту маңызды, – деді Евгений Мұхамеджанов.
Акцияға Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қазақ радиосының ардагері Аманжан Еңсебайұлы да қатысты. Ол Алматыны көркейту – әрбір тұрғынның азаматтық борышы екенін атап өтті.
– «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы – Алматыны одан әрі жайлы әрі тартымды етуге бағытталған нақты қадам. Бұл бастама – табиғатқа деген құрмет пен жауапкершіліктің көрінісі. «Шөпті таптама, гүлді жұлма» деген сөз бар. Осындай ұстанымдар экологиялық мәдениетті қалыптастыруда ерекше маңызға ие. Әсіресе, жастарға табиғаттың сұлулығын, тазалығын қадірлеуді үйрету қажет. Мұндай сенбіліктерді мен нағыз тәрбие мектебі деп санаймын, – деді Аманжан Еңсебайұлы.
Айта кетейік, жалпы қалалық сенбілік қорытындысы бойынша шамамен 1 мың түп ағаш пен 3 мың бұта отырғызылды. 8 мың тоннаға жуық қоқыс жиналып, шығарылды. Акцияға 13 мыңнан астам адам қатысып, 350 техника бірлігі жұмылдырылды.
Оқи отырыңыз: Дархан Сатыбалды «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ағаш отырғызуға қатысты