Алматының алып стадионы әлемдік жұлдыз Канье Уестің концертін өткізуге дайын

14.08.2026 19:40

Рэп орындаушысының өнерін тамашалауға 40 мыңға жуық адам жиналады деп жоспарланған

Алматының алып стадионы әлемдік жұлдыз Канье Уестің концертін өткізуге дайын,  деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Көптен күткен кеш  бірер сағаттан кейін басталады. Рэп орындаушысының өнерін тамашалауға 40 мыңға жуық адам жиналады деп жоспарланған. Көпшілік әншінің үздік хиттерін әуелетіп, тарихи сәттің куәсі болады. Ал Алматы үшін бұл концерт туризм саласын дамытуға серпіліс беріп, халықаралық имидж қалыптастыруға ықпал етпек.

Орталық стадион бүгін ерекше жарқырап тұр. Алматы бұл күнді көп күтті. Ауқымды іс-шараға дайындық тамыз айының басында басталған еді. Кеш ұйымдастырушыларының айтуынша, концерт Орталық Азиядағы ең ірі жобалардың бірі болмақ. Мәселен стадионға бұрын-соңды болмаған дыбыс жабдығы орнатылған.. Одан бөлек концертке қажетті бұйымдар жеті бірдей жүк көлігімен жеткізіліпті. Жалпы ұйымдастыру ісіне 4 мыңнан астам азамат жұмылдырылған. Ал рэпердің шашбауын көтеріп өзімен бірге 100-дей адам келген.

Көрермен Орталық стадионға түстен кейін-ақ ағыла бастаған. Оның қатарында тек алматылықтар емес, шетелдік азаматтар да бар.

«Орталық Стадионның маңында кешеден бері жүрген азаматтар да бар. Онда жанкүйерлер ұзын-сонар кезекке тұрып, арнайы жейделерін сатып алып жатыр», – деді қала тұрғыны.

Ауқымды концертке байланысты қалада қауіпсіздік шаралары да күшейтіледі. Қоғамдық тәртіпті қадағалау үшін екі жарым мыңнан астам полиция қызметкері жұмылдырылмақ. Одан бөлек, жедел жәрдем және төтенше жағдай қызметі осы маңда. Сондай-ақ қаладағы жол қозғалысына да бірқатар өзгеріс енгізілді.

Атап айтқанда, Абай даңғылы, Сәтбаев және Байтұрсынов көшелерінің кей бөліктері уақытша жабық. Бірақ көрерменнің концертке келіп-кетуі үшін 60 қоғамдық көлік тегін жүреді. Олар концерт аяқталғаннан кейін азаматтарды 6 бағыт бойынша тасымалдайды. Сондай-ақ метро да әдеттегіден ұзақ жұмыс істейді.

 

Толық көрсету