Алматының Азаматтық орталығы мыңнан аса ҮЕҰ өкіліне оқыту бағдарламасын өткізді

04.12.2024 14:09

Жоба консультациялық, әдістемелік, әрі білім беру қызметтерін ұсынады

Алматы қаласының Азаматтық орталығы биыл үкіметтік емес ұйымдардың 1300-ден аса өкілі мен жетекшілеріне оқыту бағдарламасын өткізген. Бұл туралы бүгін жобаның жылдық қорытынды дөңгелек үстелінде айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

6 жыл бұрын бастау алған "Алматы Азаматтық орталығы" бүгінде қалалық қоғамдық даму басқармасының қолдауымен жүзеге асып келеді. Азаматтық қоғам институттарының тұрақтылығын арттыруға бағытталған жоба консультациялық, әдістемелік, әрі білім беру қызметтерін ұсынады.  

"Біз үкіметтік емес ұйымдарды жүргізу, институттық даму, жобаларды іске асыру бойынша 1000-нан аса консультация өткіздік. Еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың үштен бірі Алматыда орналасқаны белгілі. Сондықтан олардың бастамаларына қолдау білдіру, ақпараттық көмек көрсету - біз үшін маңызды", - деді «Ақпараттық-ресурстық орталығы» қоғамдық қорының басшысы Алтынай Көбеева.

Оқи отырыңыз: Мегаполисте 200 электроавтобус пен 600 автобус сатып алу жоспарлануда