Алматының Бостандық ауданында жаңа қоғамдық кеңістіктер ашылып жатыр

06.11.2026 18:11

Жүзеге асырылған жобалар кәспкерлер қолдау көрсетті

Алматының Бостандық ауданында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. Іс-шара барысында журналистерге бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында кәсіпкерлердің қолдауымен көркейтілген жаңа қоғамдық кеңістіктер таныстырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Баспасөз туры барысында журналистер ауданның бірнеше аумағын аралап, жүзеге асырылған жобалардың нәтижелерімен, инвестиция көлемімен және қалалық инфрақұрылымды одан әрі дамыту жоспарларымен танысты.

Жеке инвестицияның арқасында бұрын қараусыз қалған аумақтар заманауи аллеяларға, скверлер мен тұрғындарға арналған жайлы демалыс орындарына айналып келеді.

Солардың бірі Серкебаев көшесі, 103 мекенжайындағы «Shuaq» аллеясы. «DAC City LTD» ЖШС жобаға 350 млн теңгеден астам қаражат бөлді. Мұнда серуендеуге арналған жол төселіп, заманауи жарық шамдары, жасыл желектер, көлеңке болатын перголалар, әткеншектер мен орындықтар орнатылды.

Серкебаев көшесіндегі №83 үйдің ауласында инклюзивті балалар ойын алаңы ашылды. Оны салуға «Болашак Құрылыс S» ЖШС 58 млн теңге бөлді. Аумағы 450 шаршы метр болатын алаң қауіпсіз жабынмен, пандустармен, тактильді панельдермен және пойыз пішініндегі ойын кешенімен жабдықталған. Мұнда ерекше қажеттілігі бар балалар қатарластарымен бірге ойнай алады.

Байқадамов көшесінің Серкебаев пен Жароков көшелерінің аралығындағы бөлігіне де жаңа қоғамдық кеңістік көркейтілді. Қазір мұнда жүргіншілер жолдары төселіп, жарық шамдары мен орындықтар орнатылып, арық жүйесі ретке келтіріліп, көгалдандырылды. 

Абай даңғылы 130 мекенжайында, 20- желі көшесінің қиылысында тұрғындар үшін жаңа демалыс орны ашылды. Аумағы 0,4 гектарды болатын скверді көркейтуге кәсіпкер 150 млн теңге бөлді Мұнда жасыл желек пен қарағай ағаштарының арасында айналы сәулет павильондары орнатылған.

Сәтбаев көшесінің Әуезов пен Жароков көшелерінің аралығындағы жүргіншілер инфрақұрылымы да жаңартылды. Жобаға жалпы 175 млн теңге жұмсалды. Мұнда тротуарлар жаңартылып, көру қабілеті төмен адамдарға арналған тактильді тақталар төселді. Оған қоса арық жүйесі қалпына келтіріліп, қоршаулар ретке келтіріліп, ағаштар егілді.

Бұдан бөлек, Назарбаев даңғылының Ганди көшесінен оңтүстікке қарай, №229 және №235 үйлердің арасындағы аумақта орналасқан 1,5 гектарлық скверді көркейту жұмыстары аяқталуға жақын.  Компания оны жүзеге асыруға 280 млн теңге бөлді. Жұмыс барысында көпжылдық ағаштар сақталып, серуен жолдары салынып, орындықтар мен жарықтандыру жүйесі орнатылды. Сонымен қатар аумақты қосымша көгалдандыру жүргізілді.

Бостандық ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков қала инфрақұрылымын дамытуда кәсіпкерлермен ынтымақтастық орнатудың маңызына тоқталды. 

 «Бүгінде әкімдік пен бизнес өкілдерінің бірлескен жұмысының нәтижесінде ауданымыздың келбеті өзгеріп келе жатқанын көріп отырмыз. Әр жобаның артында жай ғана көркейтілген аумақ емес, тұрғындар серуендеп, демалып, спортпен айналысып, бір-бірімен араласа алатын жаңа қоғамдық кеңістік тұр. Кәсіпкерлердің бастама көтеріп, әлеуметтік маңызы бар жобаларға қаражатын бағыттауы ерекше маңызды. Бұл бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мен тиімді әріптестіктің айқын көрінісі. Біздің басты міндетіміз – әрбір тұрғын өзін жайлы сезінетін орта қалыптастыру. Бұл жұмысты жалғастырып, жаңа серіктестер тарту және халыққа нақты пайда әкелетін бастамаларды жүзеге асыруды көздеп отырмыз», – деді Азамат Қалдыбеков.

2026 жылы Бостандық ауданында кәсіпкерлік қауымдастық өкілдерімен әлеуметтік әріптестік аясында 27 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның 13-і аяқталса, 14 жоба бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында аталған бастамаларды жүзеге асыруға бағытталған инвестициялардың жалпы көлемі 2,8 млрд теңгеден асады. 

Мұндай жобалар ауданның көркін арттырып, жасыл аймақтарды көбейтуге және тұрғындардың жайлы демалысы үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз: Алматыда Центральная көшесінің бір бөлігі бірнеше түнге жабылады

Толық көрсету