Алматының ең жас ауданы қалай өзгеріп жатыр

Almaty.tv
Almaty.tv

Ауданда 176 көппәтерлі тұрғын үй салынып жатыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы ең қарқынды дамып жатқан аудандардың бірі – Наурызбай. Халық саны да жыл сайын еселеніп отыр. Осының нәтижесінде, тұрғын үй, инженерлік инфрақұрылым, жол және әлеуметтік нысандар жаппай дамып келеді. Мәселен ауданда қазір 176 көппәтерлі тұрғын үй салынып жатыр. Биыл оның 64-і ел игілігіне берілмек, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Наурызбай ауданындағы өзгеріс ең алдымен Қалқаман-2 шағынауданынан байқалады. Мұнда 7 үйден тұратын жаңа кешеннің құрылысы аяқталуға жақын. Жалпы ауданы 34 мың шаршы метрден асатын тұрғын үйлерде 594 пәтер бар. Бір, екі және үш бөлмелі баспаналардың ішкі әрлеу жұмыстары толық аяқталған. Қазір ауланы абаттандыру, көгалдандыру және жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сәйкесінше, білім беру нысандарының да құрылысына ерекше көңіл бөлінген. 340 орындық жатақханасы бар №15 мектеп-интернат пен №174 мектеп-гимназиясына салынған қосымша ғимарат қыркүйекте пайдалануға беріледі. Сонымен қатар Нұрлы Дала, Құрамыс, Қалқаман шағынауданында жаңа балабақшалар салынып жатыр. 

«Әрбір санаттағы отбасыларға ыңғайлатып жобаланған. Біздің үйдің әрбір кіреберісінде жүк жолаушылар лифті қарастырылған және де пәтерге таза әрленген, Халыққа бірден қоныс аударуға мүмкіндік береді», – деді мердігер мекеме өкілі Диас Қабдығалиев.

  Ауданда тек тұрғын үй ғана емес, инженерлік инфрақұрылым да қатар дамып келеді. Соның бірі – Ақсай өзеніндегі су жинау құрылысы мен сүзгі станциясы. Қазір нысанның дайындығы 98 пайыз. Мамандар іске қосу және реттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жоба толық іске қосылған соң Наурызбай ауданы мен Қарасай ауданының 100 мыңнан астам тұрғыны сапалы ауызсумен қамтамасыз етіледі.

«Нысанның жоғарғы бөлігінде шлюздері бар су қабылдау құрылысы орналасқан. Осы жерде өзеннен су алынып, диаметрі 530 миллиметр болатын су құбыры арқылы су тазарту станциясына жеткізіледі. Мұнда су радиалды және көлденең тұндырғыштардан, жылдам сүзгілерден, араластырғыштардан және залалсыздандыру блоктарынан өтіп, толық тазартылады. Судың сапасына қарай қажетті химиялық реагенттер қосылады. Осыдан кейін ғана тазартылған су тұтынушыларға жіберіледі», – деді Су қабылдау құрылысы мен сүзгілеу станциясы жобасының жетекшісі Гайраджан Тұрдиев.

Көлік инфрақұрылымы да жаңаруда. Ақжар шағынауданында ұзындығы 45 шақырымнан асатын 89 көшеге жол салынып жатыр. Бүгінде оның басым бөлігі аяқталған. Мұнымен қоса, бұрын асфальт болмаған 10 көшеге жол төселіп, қалған жұмыстарын келесі жылдың қазан айына дейін аяқталауды жоспарлап отыр. Жауаптылардың сөзінше, тұрғын үйлер, инженерлік желілер, жолдар мен әлеуметтік нысандар Наурызбай ауданының қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Қаладағы ең жас ауданның бірі алдағы жылдары да жаңа жобалар арқылы тұрғындарға жайлы әрі қолайлы орта қалыптастыруды жалғастырмақ.

Диана Тұрлыбек, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Алматының Алмалы ауданында төрт жүргіншілер аймағы мен Балалар мен жасөспірімдер театры алдындағы сквер көркейтіліп жатыр