Алматыда биыл алғашқы жартыжылдықта 9 қоғамдық кеңістік абаттандырылып, ерекше кейіпке енді. Көркейту барысында жүргіншілер аймақтары жаңартылып, сыртқы жарықтандыру мен автоматты суару жүйелері орнатылды. Сондай-ақ көгалдандыру жұмыстары қарқын алып, шағын сәулеттік нысандар, балалар және спорт алаңдары, заманауи демалыс аймақтары бой көтерді
Алматыдағы Республика алаңы жаңа кейіпке енді. Мұндағы шаруа Сәтбаев көшесін абаттандыру аясында іске асқан. Жоба аясында қоғамдық кеңістіктің жабындары толық ауыстырылып, инженерлік желілер, сыртқы жарықтандыру және автоматты суару жүйесі жаңғыртылды. Жауаптылардың сөзінше, құрылыс барысында пайдалану мерзімі 10 жылға дейін жететін материалдар қолданылған. Бұл алдағы уақытта аумақты күтіп-ұстау шығынын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ жаңа аялдаманың пайда болуы қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттырып отыр.
«Республика алаңын абаттандыру жұмысы 3 ай ішінде аяқталды. Мұнда орындықтар, үстелдер, ландшафтық жиһаздар, аркалар және басқа да шағын сәулет нысандарын қамтитын 500-ден астам элемент орнатылған. Бұрыннан бар субұрқақтар толық жөндеуден өткізіліп, сондай-ақ жаңа заманауи субұрқақтар салынды», – деді қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының бас маманы Шыңғыс Бақытжанов.
Жөндеуден кейін көпшіліктің көңілінен шыққан кеңістіктің бірі – «Атакент» іскерлік-ынтымақтастық орталығы алдындағы алаң. Жалпы көлемі 6 мың шаршы метр болатын аумақта әткеншектер мен орындықтар орнатылып, жарықтандыру жүйесі жөнге келтірілген. Бұған қоса, жоба аясында көгалдандыру ісіне ерекше көңіл бөлінді. Мәселен, 67 ағаш, 17 мыңнан астам бұта мен 1 мың көпжылдық өсімдік егіліпті.
Айта кетейік, аталған аумақты ретке келтіру ісі Тимирязев көшесін абаттандыру шеңберінде жүзеге асқан.
«Қазір өте керемет, әдемі гүлдерді егіп қойыпты, серуендеп, демалып отыруға қолайлы жағдай жасалған»
«Ағаштар, гүлдер қандай әдемі! Мұнда келіп, демалып, серуен құрудың өзі керемет. Жақын маңда жұмыс істеймін. Маған ұнайды. Осындай жұмыс атқарып, қала тұрғындары мен қонақтарына жайлы жағдай жасауға атсалысқан азаматтарға алғысым шексіз».
«Қала жасылданып кеткен. Өзім Қытайда оқимын. Осында келдім, қала басқаша боп кеткен, жап-жасыл болып. Өзгеріп кеткен, Алматыны танымай жатырмын ғой былай айтқанда».
«Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы қаланы абаттандыру жұмыстарын жалғастыра береді. Аталған екі жобадан басқа тағы 7 аумақ жаңа келбетке енді. Олардың қатарында, жаңадан ашылған Флоу парк, Баум тоғайы, Сайран көлінің жағалауы және геологтар аллеясын абаттандыру сынды жұмыстар атқарылды», – деді қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының бас маманы Шыңғыс Бақытжанов
Сондай-ақ жауаптылардың сөзінше, жыл соңына дейін Тұңғыш президент саябағын қайта жаңғырту, сонымен қатар Тимирязев, Масанчи, Сейфуллин, Жароков, Жандосов, Розыбақиев, Сәтбаев көшелері мен Абай даңғылын көркейту жоспарланған. Оған қоса Әуежай көлі аумағын қайта жаңғырту жобасы басталды. Онда тұрғындарға арналған заманауи демалыс аймағы бой көтереді.
Гүлмарал Изатқызы, Ғани Қалуов, Жақсылық Тілепберген
Оқи отырыңыз: Алматының ең жас ауданы қалай өзгеріп жатыр