Шектеулер Ұлар көшесінен Ладушкин көшесімен қиылысқа дейінгі жол бөлігін қамтиды
31 қазан мен 7 қараша аралығында Алматының Медеу ауданында №2353 жоғары кернеулі 220 кВ электр кабель желісінде жүргізілетін апаттық-қалпына келтіру жұмыстарына байланысты көлік қозғалысы уақытша шектеледі. Бұл туралы «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ өкілдері мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Шектеулер Ұлар көшесінен Ладушкин көшесімен қиылысқа дейінгі жол бөлігін қамтиды. Жөндеу жұмыстары Ладушкин көшесіндегі №125 үйдің маңында жүргізіледі. Аталған аумақта жол бойының астында орналасқан электр кабелі зақымданған.
Компанияның мәліметінше, бұл желі «Ерменсай» және «Бесағаш» қосалқы станцияларын байланыстыратын Алматының айналмалы электрмен жабдықтау жүйесіне кіреді. Кабельдің зақымдануына байланысты желі уақытша тұйықталмаған схема бойынша жұмыс істеп тұр. Бұл энергия жүйесінің басқа элементтеріне түсетін жүктемені арттырады.
Ақауды жою үшін мамандар жол жабыны мен бетон науаны ашып, кабельдің зақымданған бөлігіне қол жеткізуі қажет. Одан кейін жөндеу жұмыстары жүргізіліп, желіні қайта іске қосар алдында тиісті сынақтар өткізіледі.
Апаттық-қалпына келтіру жұмыстары тәулік бойы жүргізіледі. Жұмыс аяқталғаннан кейін жол жабыны толық қалпына келтіріледі.
«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ жүргізушілерден жол жүру бағытын алдын ала жоспарлау кезінде уақытша шектеуді ескеруді сұрайды.
Компания өкілдерінің айтуынша, жөндеу жұмыстары Алматы қаласы мен Алматы агломерациясын электрмен жабдықтау жүйесінің қалыпты жұмыс тәртібін қалпына келтіру үшін қажет.
Оқи отырыңыз: Президент «Халықтық құрылыс» бағдарламасының қаржысын бақылайтын комиссия құруды ұсынды