Алматының Медеу ауданында қарттармен рухани-мәдени кеш өтті

07.05.2025 20:05

Олар соғысқа қатысқан майдангер туыстары туралы естеліктерін айтты

 

Аlmaty.tv

Жау жағадан алып, төбеден төнгенде жауынгерлерді жігерлендіріп, дем берген қыздар көп. Ер-азаматтарды бірге дұшпанға қасқая қарсы тұра білген, өлімнен еш сескенбеген батыр арулардың бірі – Әлия Молдағұлова. Майдан шебінде мерген үшін қиынға соққан кезеңнің бірі 1944 жылдың қаңтар айы болыпты. Дәл сол кезде ол жалғыз өзі 28 фашистің көзін жойған. Өшпес ерлік иесіне қатысты бұл естелікті оның туысы айтып берді, деп хабарлайды  Almaty.TV тілшісі.     

Қарт – қазына. Қарт – шежіре. Қасына барып, сөзге тартсаң, өткенді еске алатын, есті әңгімесін айтатын қариялар аз емес, әрине. Ғұмыры ғибратқа толы жандардың бір тобы Медеу ауданындағы белсенді ұзақ өмір сүру орталығына жиналып, рухани-мәдени кеш өткізді. Олар Жеңіс күнін жақындатуға атсалысқан ардагер аға-әпкелері жайлы естелігін бөлісті. Олардың қатарында қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың да туысы бар.

«Әлия Молдағұлова – әкемнің немере әпкесі. Оның батырлығы өз алдына бөлек әңгіме. Сонымен қатар ол айтқанынан қайтпайтын патриот жан болған. «Соғыста саған орын жоқ» деп мысын басқысы келгендерге тіке жауап қайтара білген. Және осы жігері оны ешқашан артқа шегіндірмеді. Тек алға жетеледі», - дейді Ә. Молдағұлованың туысы Ғалия Бұқаева. 

Сексенді алқымдаған әже әпкесі жайлы кітап шығармаққа ниеттеніп отыр. Жазбаларын топтастырып, мәтінін де дайындап қойыпты. Ал жиында тағы он шақты зейнеткер сөз сөйледі. Тұрғындар жадында сақталған оқиғаларды көпшілікке айтып берді. 

«Соғысқа менің нағашыларым, шешемнің ағасы мен інісі қатысқан. Бірақ екеуі де 1943 жылы, соғыстан кейін жоқ болып кеткен. Олардың сүйегін жуықта ғана таптық. Біреуі Орел қаласында, екінші біреуі Украина жерінде жатыр», - дейді зейнеткер Бағила Орынбаева.

Іс-шарада әуезді де рухты ән әуеледі. Қойылымдарда аналар мен қыз-келіншектердің сол шақта бастан кешкен сезімі бейнеленді. Майданнан жолданған хаттардың сыры ашылып, жеңіспен келген бейбіт күннің қадірі түсіндірілді.

«Жалпы Ұлы Жеңіс өте үлкен қиыншылықпен келді. Сондықтан да кейінгі ұрпақтың өмірінде мұндай сәттер қайталанбасын, әкелеріміздің ерлігін бағалай білсін, солардан үлкен патриоттық ерліктерінен үлгі алсын деген ниетпен осы іс-шараны арнайы өткізіп отырмыз», - деді орталық қызметкері Райхан Бөрткенова.

Атап өтейік, Медеу ауданындағы бұл орталықтың ашылғанына бір жыл болған. Қазір мекемеге 1500-нан аса зейнеткер келеді. Оларға 24 түрлі қызмет түрі көрсетіледі.

Гүлмарал Изатқызы, Рүстем Айткәрім, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Астанада қос бірдей мерекеге арналған мәдени іс-шаралар легі басталды