Алматының Медеу ауданындағы көшенің бір бөлігі уақытша жабылды
Аумақта электр беру желісінде апаттық-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі
Алматының Медеу ауданында 18 қыркүйекке дейін Олимпийская көшесінің бір бөлігінде көлік қозғалысы уақытша шектелді. Бұл шаралар 220 кВ кабельдік электр беру желісінде апаттық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге байланысты енгізілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жұмыс Олимпийская көшесіндегі №4А үйдің маңында жүргізіліп жатыр. Жұмыс кезеңінде Тышқанбаев көшесінен Байқоңыр көшесіне дейінгі аралық жабылды.
Жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігі №2363 220 кВ электр беру желісінің кабельдік учаскесінің зақымдануына байланысты туындады. Соның салдарынан қазіргі уақытта энергия жүйесі мәжбүрлі түрде ажыратылған схема бойынша жұмыс істеп тұр. Бұл Алматы қаласы мен Алматы агломерациясын электрмен жабдықтау сенімділігін төмендетеді.
Қалыпты жұмыс схемасын қалпына келтіру үшін «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ мамандарына жолдың жүріс бөлігінің астында тікелей апаттық жұмыс жүргізу қажет.
Жұмыс қауіпсіздік талабын сақтай отырып, тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Жұмыс аяқталғаннан кейін бұзылған көріктендіруді қалпына келтіру жоспарланған.
Қала тұрғындары мен қонақтарынан көлік қозғалысына енгізілген уақытша шектеуді ескеріп, бағытын алдын ала жоспарлау сұралады.
Оқи отырыңыз: Алматыға халықаралық марафонға қатысу үшін 60-тан астам елден желаяқтар келеді