Елімізде жұмыспен қамту қызметін жетілдіру бойынша пилоттық жоба іске қосылады

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Азаматтың мансап орталығына жүгінуі тіркеу рәсімі ретінде қаралмайды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

2026 жылдың 1 қазанынан бастап Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс іздеп жүрген азаматтарға қызмет көрсету тәсілдерін жетілдіру бойынша кезең-кезеңімен жұмыс жүргізе бастайды. Осыған байланысты елімізде пилоттық жоба іске қосылады. Оның аясында азаматтарға қолдау көрсетудің жаңартылған тәртібі сынақтан өткізіліп, мансап орталықтары мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры филиалдарының мамандары оқытылады., деп хабарлайды Almaty.tv.

Ведомство мәліметінше, жаңа тәсілдің негізгі мақсаты азаматтарды жұмысқа орналастыруға көрсетілетін көмекті нақты адамға бағыттап, оның сапасын арттыру. Ең бастысы, көрсетілетін қолдау азаматтың іс жүзінде жұмысқа орналасуына бағытталады.

Негізгі өзгерістердің бірі азаматқа жұмыссыз мәртебесі берілгенге дейін лайықты жұмыс іздеу мерзімін 2 күннен 13 күнге дейін ұзарту. Осы кезеңде мансап орталығының мамандары азаматтың еңбек тәжірибесін, дағдылары мен қажеттіліктерін егжей-тегжейлі анықтайды, бейінін айқындайды, лайықты бос жұмыс орындарын іріктейді және жұмыс берушілермен байланыс орнатады.

Осылайша, азаматтың мансап орталығына жүгінуі тіркеу рәсімі ретінде қаралмайды. Бұл азаматты жұмысқа орналастыруға дейін сүйемелдеуді қамтитын толыққанды жұмысқа орналасу процесі болмақ. Оның түпкі мақсаты азаматты лайықты жұмысқа орналастыру.

Азаматтар үшін бұл өзіне қажетті бағыт бойынша жеке кеңес алуға, лайықты бос жұмыс орындарымен танысуға, қажетті рәсімдерден өтуге және біліктілігіне, тәжірибесіне әрі кәсіби жоспарына сәйкес келетін жұмысты таңдауға көбірек мүмкіндік береді.

Пилоттық жоба жұмыспен қамту жүйесін алдағы өзгерістерге практикалық тұрғыдан дайындаудың маңызды кезеңі болады. Оның барысында мансап орталықтары мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры филиалдарының мамандары жаңартылған жұмыс процестері мен азаматтармен жұмыс істеу тәртібі бойынша қосымша оқудан өтеді.

Осы ретте азаматтың бейінін сапалы анықтауға, лайықты бос жұмыс орындарын іріктеуге, оны жұмысқа орналасқанға дейін сүйемелдеуге, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын қолдануға және жұмыс нәтижелерін ақпараттық жүйелерде дұрыс көрсетуге ерекше мән беріледі.

Пилоттық жобаны өткізу жаңа тәртіптің тиімділігін іс жүзінде бағалауға, қосымша реттеуді қажет ететін мәселелерді анықтауға және өңірлерді жаңартылған тәсілдерге толық көшуге дайындауға мүмкіндік береді.

Пилоттық жоба жүзеге асырылатын кезеңде жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем қолданыстағы тәртіп бойынша төленеді. Осы төлемді алуға құқығы бар азаматтар оны заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес алу мүмкіндігін сақтайды. 

Тиісті өзгерістер Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне енгізілетін түзетулерде көзделген. Бұл өзгерістер 2026 жылдың 11 маусымда бекітілген Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес енгізіледі. 2027 жылдың 1 қаңтардан бастап жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемнің ең ұзақ мерзімі заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес үш айға дейін болады.

Осылайша, 2026 жылдың 1 қазаны – жұмыспен қамту қызметінің жұмысын жетілдіруге арналған пилоттық кезеңнің басталатын күні. Осы күннен бастап лайықты жұмыс іздеу мерзімі 13 күнге дейін ұзартылады. Ал жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемді төлеу мерзіміне қатысты өзгерістер 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

Заңнамадағы өзгерістер күшіне енгенге дейін Министрлік еліміздің барлық өңірінде кең көлемде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Ағымдағы жылдың қазан-желтоқсан айларында азаматтармен кездесулер, консультациялар, мамандардың сөз сөйлеуі және түсіндіру іс-шаралары ұйымдастырылады. Олардың негізгі мақсаты қазақстандықтарға алдағы өзгерістерді, әлеуметтік төлемдерді алу тәртібін және жұмыспен қамту жүйесі ұсынатын мүмкіндіктерді алдын ала әрі түсінікті түрде жеткізу.

Өзгерістердің негізгі қағидаты өзгеріссіз қалады. Мемлекеттік қолдау нақты адамға бағытталып, баршаға қолжетімді болуы және азаматтың мәртебе алып қана қоймай, өзіне лайықты жұмыс тауып, тұрақты жұмыспен қамтылуына мүмкіндік беруге тиіс.

Оқи отырыңыз: Алматының Медеу ауданындағы көшенің бір бөлігі уақытша жабылды