Құқығы тапталған тұтынушылардың 300 млн теңгесі қайтарылды
Алматының сауда үйлерінде тұтынушылардың құқығын қорғау мақсатында 1000-нан аса азаматқа заңгерлік көмек көрсетілді. Бұл туралы саладағы мәселелер талқыланған жиында айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мамыр айында басталған жоба аясында қаланың барлық ауданында жылжымалы мобилді заң қызметі түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Қоғамдық даму басқармасы мұрындық болған бастаманы халықаралық «Жанашыр» қоры және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті жүзеге асырыпты.
Айта кетейік, жыл басынан бері Алматыда құқығы тапталған тұтынушылардан 6000-ға жуық өтініш түсіп, 300 млн теңгеден астам қаржы қайтарылған.
«Негізгі мақсаты тұтынушының құқығын үйретуге, халықты ақпараттандыруға арналған. Осыған байланысты іс-шаралар кешені жүзеге асырылды. Қаланың 8 ауданындағы сауда орталықтары мен базарларда халыққа өзінің тұтынушы ретіндегі құқығын түсіндірді», - деді халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қорының президенті Жаңыл Әпетова.
«Әрбір қазақстандық азамат өзінің тұтынушылық құқығын білуі керек. Цифрландырудың арқасында қоғаммен күнделікті қарым-қатынаста отырмыз. Өзге елдердің затын қолданып, қызметін пайдаланамыз. Сондықтан тұтынушылар құқығын қорғауды дамыту керек», - деді қала тұрғыны Ғалия Бекхожаева.
Оқи отырыңыз: Сыбайлас жемқорлық: Антикор жиі кездесетін заңсыздықтарды атады