Алматының тарихи орталығы жаңа келбетке ие болады

24.07.2026 15:43

Аудандағы 60 тұрғын үйдің қасбетін жаңарту жұмысы пәтердің иелерімен келісіп істелді

Аlmaty.tv

Алмалы ауданында тұрғын үйлердің қасбеті бірыңғай қалалық дизайн-кодқа сәйкес жаңартылып жатыр. Назарбаев даңғылы, 161 мен Шевченко көшесі, 51 мекенжайындағы тұрғын үйлерде жүргізілген жұмыс осымен аяқталды. Жоба ғимараттардың сыртқы келбетін жаңартып қана қоймай, олардың пайдалану мерзімін де едәуір ұзартып отыр. Алмалы ауданының әкімі Арман Шамшин ӨКҚ пресс-туры барысында бұл жоба Баку сияқты үлкен қалалар мен сәулеттік орта қалыптастыру үшін табиғи тасты қолданатын Еуропаның тарихи қалаларының тәжірибесіне негізделгенін атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Аудандағы 60 тұрғын үйдің қасбетін жаңарту жұмысы пәтердің иелерімен келісіп істелді. Кәдімгі сылақ ұзақ уақытқа жарамайтындықтан, осы жолы жаңа материалдар қолданылды. Тығыз қалалық ортада сылақ тез тозып, қайта-қайта жөндеп, сырлауды қажет етеді. Бұл үйлердің қасбеті соңғы рет 2018 жылы жөнделгенімен, қайта жаңартуға тура келген. Табиғи әрі берік тасты пайдалану – тұрақты урбанистикалық шешім. Бұл болашақта басы артық шығынды азайтып,  қасбетті жиі жөндеу қажеттілігін төмендетеді. Наурыз айынан бастап аудан әкімдігі тұрғындармен жалпы жиналыс өткізіп, жобалық шешім мен қандай материал қолданылатынын келісіп алыпты.

«Келешек-51» МИБ төрайымы Елена Красновскаяның айтуынша, тұрғындар жаңғырту бағдарламасын қолдап, оның нәтижесіне оң баға берген екен.

«Біздің екі үйіміз осы бағдарламаға енгізілді. Тұрғындар бұл жобаны көптен күтіп, ұсынған өзгерісті бірден қолдады. Барлық шешімді әкімдікпен бірлесіп өткізген жиналыста қабылдады. Қасбеттен бөлек, бізге жаңбыр суын ағызатын жаңа жүйе мен шатырға мұз қатуды болдырмайтын жүйе орнатылды. Шатыры еңістеу үйлер үшін бұл өте маңызды әрі қымбат шешім. Қолдау көрсеткендеріңізге алғыс білдіреміз», – дейді Елена Красновская.

Сәулеттік-көркемдік шешімді әзірлеу барысында үйлердің салынған жылы (1959 және 1964 жылдар) ескеріліп, инженерлік есептеуге ерекше назар аударылды. Іргетас пен көтергіш құрылымдарға артық салмақ түсірмеу үшін қаптау материалының салмағы мұқият бөлінді. Бірінші қабатта тозуға төзімді гранит қолданылса, екінші қабаттан жоғары тек Ақтау кен орнынан алынған жеңіл әктас пайдаланылады. Бұл жұмыс ағымдағы эстетикалық жөндеу санатына жатады және қасбеттің сәндік әрлеуін қысқа мерзімде жаңартуға мүмкіндік береді. Ал құрылыс сатыларын алдын ала орнату қасбеттердің нақты сәулеттік өлшемдерін жүргізу үшін қажет болды.

Жаңғырту жұмыстарының соңғы кезеңінде заманауи урбанистикалық талаптарға сай сәулеттік жарықтандыру орнатылды. Жұмсақ акцентті жарық ғимараттардың тарихи сәулеттік ерекшеліктерін айқындап, кешкі уақытта көшенің көркем келбетін жақсартады. Сонымен қатар жарықтандыру жүйесі тұрғындардың жайлылығын ескере отырып жобаланған: бағытталған шамдар жарықтың терезеге түсуіне жол бермейді, тұрғындардың да тыныштығын бұзбайды. Бұдан бөлек, жарықтандырылған қасбеттер көшенің қауіпсіздігін арттырып, тротуарларды жарық әрі анық көрінетін етеді.

«Біз тарихи қасбеттерді сапалы дизайн-кодқа және әлемнің алдыңғы қатарлы қалаларының тәжірибесіне сүйене отырып жаңартып жатырмыз. Негізгі мақсатымыз – қасбетті қайта-қайта сырлай беруден бас тартып, сертификатталған қазақстандық табиғи әрі жеңіл тас материалдарын пайдалану. Қазіргі таңда Назарбаев пен Шевченко көшесіндегі үйлерді қоса алғанда бес тұрғын үйдегі жұмыс толық аяқталды. Технологиялық талапты қатаң сақтай отырып, замандық сәулеттік жарықтандыруды енгізу арқылы ауданымыздың көркем әрі жайлы келбетін қалыптастырып жатырмыз», – деді ауданның әкімі Арман Шамшин.

Оқи отырыңыз: Алматыда жер сілкінісі туралы ерте ескерту жүйесінің 35 сейсмикалық станциясы салынды