"Алматының тарихи жады" атауымен жаңа жоба іске асады
«Алматының тарихи жады». Мегаполисте осындай атаумен жаңа жоба іске асады. Оның шеңберінде мобильді қосымша сервисінде шаһардағы ескерткіштер, монументалды өнер туындылары, сондай-ақ Орталық, Кеңсай-1 және Кеңсай-2 зираттарындағы көрнекті тұлғалардың жерлеу орындары туралы ақпарат көрсетіледі, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Енді кез келген адам бұл нысандарды картадан оңай тауып, олардың тарихымен танысып, зиярат ету үшін қажетті жол бағытын құра алады. Ал бұл орындарда абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.
«Орталық зират, Кеңсай-1 және Кеңсай-2 зираттарында Алматы қаласы мәдениет басқармасының тарапынан арнайы абаттандыру жұмыстары жүреді. Алдағы уақытта бұл жерде мемориалдық мемлекеттік мекемелерге қарастырылатын кешен жұмыс істейтін болады. Бұл кешенде тазалық, абаттандыру, күзгі, көктемгі тазалау жұмыстары уақытылы жүріп отыратын болады», - деді жазушы Елдос Тоқтарбай.
Жоба ел тарихы мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан ұлылардың есімін ұлықтауға бағытталған. Картада жерлеу орындары көрсетілетін тұлғалардың арасында Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен Бауыржан Момышұлы, Рахымжан Қошқарбаев, Сағадат Нұрмағамбетов, Қасым Қайсенов, Талғат Бигелдинов бар. Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, бұл шаруа – ұлттық рухты нығайтудағы маңызды қадам.
Оқи отырыңыз: Алматы әкімінің орынбасары соғыс ардагерін құттықтап, төсбелгі табыстады