Алматының Түрксіб ауданында су және кәріз мәселесі қалай шешіліп жатыр

18.10.2024 10:00

Қазіргі уақытта соңғы іске қосу-жөндеу жұмыстары аяқталуда, қазан айының соңына дейін желілер іске қосылады

Қала әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы әкімі Ерболат Досаев Түрксіб ауданы тұрғындарымен кездесу барысында оларды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және кәріз желілерін салу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады, деп хабарлайды Almaty.tv.

2024 жылдың шілде айында «Әлмерек» шағынауданында 20 км су құбыры және кәріз желілерінің құрылысы аяқталды. Биылғы жылдың қазан айының соңына дейін шағын аудандағы 400 үйді жаңа желілерге қосу жоспарланған.

Сондай-ақ биыл қазан айында «Жас Қанат» шағынауданында 8 км су құбыры және 8,6 км кәріз желілері салынды. Бұған дейін тұрғындар ауыз суды ұңғымалардан алып келген. Қазіргі уақытта соңғы іске қосу-жөндеу жұмыстары аяқталуда, қазан айының соңына дейін желілер іске қосылады.

Сонымен қатар Закарпатская көшесінде 4,8 км су құбыры және 1,6 км кәріз желілерін салу жұмыстары аяқталды. Биылғы жылдың қараша айының соңына дейін екі кәріз сорғы станциясын (КСС) орнатып, тұрғындарды желілерге қосу көзделген.

Бұған қоса, «Төменгі Бесжылдық» шағынауданында 115 км су құбыры және 32 км кәріз желілері салынып жатыр. 

Жұмысты биыл аяқтау жоспарланып отыр.

«2024 жылдың қыркүйек айында «Қайрат» шағынауданында су және кәріз желілерінің екінші кезеңін салу бойынша мердігер анықталды, бұл бұрын сумен және кәрізбен қамтылмаған учаскелерді толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл жұмыс 2025 жылдың қыркүйек айында аяқтау жоспарлануда», - деді Ерболат Досаев.

Қала әкімі «Шуақты» шағынауданында кәріз сорғы станциясы (КСС) салынып жатқанын хабарлады, бұл Волочаевская көшесіндегі 70 үйдің кәріз мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Жұмыс 2024 жылдың желтоқсан айында аяқталады.

Сонымен қатар, «Вокзал» қазандығына 3,4 км су құбыры және 7,3 км электр желілері тарту жұмыстары аяқталды.

Осылайша, бұл жобалар Түрксіб ауданының 21 мыңнан астам тұрғынын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, деп сөзін түйіндеді Алматы әкімі.

Айта кетейік, Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша 2024 жылдың 9 айында Алматы қаласының су және кәріз жүйелері саласында 219 км жаңа желі салынды және 27,3 км ескі желі жаңғыртылды.

Қабылданып жатқан шаралар 2025 жылы су құбыры желілерінің тозуын 53,5%-ға, кәріз желілерінің тозуын 55,2%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз: Алматыда көпқабатты тұрғын үйден өрт шықты