Алматының Әуезов ауданында 1200 орындық мектеп-гимназия қашан қолданысқа беріледі

04.08.2026 21:33

Бой көтеріп жатқан мектептің орнында бұрын небәрі 340 оқушыға есептелген ескі ғимарат болған

Алматының Әуезов ауданында 1200 орындық жаңа мектеп-гимназия салынып жатыр. Құрылыс барысын аудан әкімі Абзал Егембердиев тілшілерге таныстырды. Оның айтуынша, жаңа оқу ошағы техникалық тексеру мен сараптама қорытындысы бойынша апатты деп танылған ескі ғимараттың орнына салынып отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Бой көтеріп жатқан мектептің орнында бұрын небәрі 340 оқушыға есептелген ескі ғимарат болған. Аудандағы оқушы орнының тапшылығын азайтуға бағытталған игі жоба аясында мұнда енді 1200 бала білім алады. Жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін құрылыс жұмысы сәуір айында басталған құрылыс алаңында 200-ден астам маман мен 20-дан аса арнайы техника қызу жұмыс істеп жатыр.

«Бұл мектептің құрылысы биыл желтоқсан айында аяқталуы тиіс. Жалпы құрылыс-монтаж жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес жүріп жатыр. Жоба аясында жалпы ауданы 12,7 мың шаршы метрден асатын үш қабатты ғимарат бой көтереді. Мектепте 44 оқу кабинеті, спорт залы, хореография мен балет залы, кітапхана, сондай-ақ 354 орындық асхана қарастырылған», – деді Әуезов ауданының әкімі Абзал Егембердиев.

Сондай-ақ Әуезов ауданында қоғамдық кеңістіктерді дамыту ісі қолға алынған. Игі бастамалар «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жүзеге асып келеді екен. Соның бірі – Тастақ-1 шағынауданындағы №6 тұрғын үйдің ауласы. Оның шеңберінде балалар ойын алаңы, 22 шағын сәулет нысаны, жаңа орындықтар мен қоқыс жәшігі, жарық шамдары және бейнебақылау жүйесі орнатылады.

«Қазіргі таңда жұмыстардың 95 пайызы аяқталды. Қалғаны – қажетті жабдықтарды орнату. Атап айтқанда, ашық аспан астындағы 6 жаттығу құрылғысы, 4 көлеңкелік шатыр және бұталар отырғызылады. Жұмысты белгіленген мерзімнен бұрын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Нысанды 10 тамызға дейін толық тапсырамыз. Бұл аумақ балаларға да, ересектерге де қолайлы болмақ», – деді мердігер ұйымның өкілі Ерлік Ғалымжанов.

 «Қазір өте керемет болды. Әсіресе кішкентай тұрғындарға, балаларға рахат. Әткеншекте тербеліп, жүгіріп-секіріп ойнап жүр. Меніңше, бұл өте жақсы», – деді қала тұрғыны Вера Пестриков.а

Тастақ-1 шағынауданындағы №7 және 8-тұрғын үйдің арасына жаңа сквер салынып жатыр. Бұл жоба да «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында қолға алынған. Аталған аумақ абаттандырылып, шамамен 5 мың бұта мен 2 мың шаршы метрге жасыл желек егіліп, автоматты суару жүйесі іске қосылады. Аудан әкімінің сөзінше, жобаларды іске асыру барысында жаңа демалыс орнын құрумен қатар қауіпсіздік, жарықтандыру және көгалдандыру ісіне ерекше көңіл бөлініп отыр.

Гүлмарал Изатқызы, Маржан Манапова

Оқи отырыңыз: Алматыда қай аудандарда жаңа мектептер мен балабақшалар салынады