Алматының жаңа электробустары қала келбетінің ажырамас бөлігіне айналды

Almaty.tv
Almaty.tv

Жаңа жылжымалы құрамның тағы бір басты артықшылығы – экологиялық тазалығында

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының жаңа электробустары қала келбетінің ажырамас бөлігіне айналды. Жақында ғана ел игілігіне берілген қоғамдық көлік жарқын түс, заманауи дизайнымен ғана емес, қауіпсіз әрі экологиялық тазалығымен де ерекшеленіп отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Автобус паркіндегі әр жұмыс күні міндетті медициналық тексеріс пен техникалық бақылаудан басталады. Содан кейін ғана жүргізуші жолға шығады. Себебі әрбір қоғамдық көлік күн сайын 300 шақырымға жуық жол жүріп, мыңдаған жолаушыны діттеген жеріне жеткізеді. Таңмен таласа келгендердің қатарында Гүлбахар Сыпаева да бар. Оның қоғамдық көлік тізгінінде жүргеніне 20 жыл болған. Анасының жолын жалғастырған Гүлбахардың бала күнгі арманы да осы болған екен. Еңбек жолын троллейбус тізгінінен бастаған нәзік жанды қазір №134 бағыттағы заманауи электробусты жүргізеді.¤

«Жұмыс күнім таңғы сағат бесте басталады. Дизельді автобусқа қарағанда электробусты жүргізу әлдеқайда жеңіл. Жүрісі жұмсақ, жолаушыларға да, өзіме де жайлы. Ешқандай шу жоқ. Киім үлгісіміз де ерекше. Көпшілік бізді көріп, ұшқыштарға ұқсатады», – деді электробус жүргізушісі Гүлбахар Сыпаева.

Жаңа қоғамдық көліктердің қызыл түсте болуы да кездейсоқ емес. Мұндай тәжірибе Лондон, Сингапур, Гонконг және Қытайдың ірі қалаларында бұрыннан қолданылады. Әсіресе Лондондағы қызыл автобустар бүгінде қаланың басты символдарының біріне айналған. Мамандардың айтуынша, ашық қызыл түс көлік ағынында алыстан көзге түседі әрі жол қауіпсіздігін арттыруға ықпал етеді. Бұл – әлемдегі city branding, яғни қалалық брендинг деп аталатын тәжірибенің бір бөлігі.

«Лондон мен Сингапур түстік кодтарды алғаш енгізген қалалардың қатарында. Қызыл түс адамның перифериялық көру аймағында да тез қабылданады. Сондықтан қоғамдық көлік үшін бұл – қауіпсіздік тұрғысынан тиімді шешім. Алматыда да осы халықаралық тәжірибе негізге алынған», – деді автосарапшы Алексей Алексеев

Жаңа жылжымалы құрамның тағы бір басты артықшылығы – экологиялық тазалығында. Электробустар ауаға зиянды қалдық шығармайды, қозғалтқышы дыбыссыз жұмыс істейді және қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтады.

Бекболат Сатуов, Аида Иманали, Ханкелді Ахметханов

Оқи отырыңыз: Жолдағы тәртіп бақылауда: Алматыда екі күндік рейд қорытындысы жарияланды