Алматының Зерделі ықшамауданындағы жаңа мектептің құрылысы аяқталды

19.06.2026 15:08

Қала әкімі Дархан Сатыбалды азаматтарды жеке қабылдады

Алматының Зерделі ықшамауданындағы жаңа мектептің құрылысы аяқталды. Қала әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапарымен оқу ордасына арнайы ат басын бұрып, нысанның дайындық деңгейімен танысты. Сондай-ақ Алатау ауданына барған шаһар басшысы тұрғындармен кездесіп, азаматтарды жеке қабылдады. Кездесуде инженерлік инфрақұрылым, ауыз су, кәріз жүйесі және ықшам аудандарды дамыту мәселелері көтерілді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Дархан Сатыбалды Алатау ауданына жұмыс сапарын Зерделідегі жаңа мектепті аралаудан бастады. Білім ошағы мұндағы мектептерге түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Нысан жаңа оқу жылында қолданысқа беріледі.

«550 балаға арналған мектеп. Ғимарат 3 этаждан тұрады. Құрылыс жұмыстарын 2025 жылдың наурызда бастағанбыз, 2026 жылдың мамыр айында толық аяқтадық. Қазіргі таңда мектеп 100 пайыз жұмыстың бәрі бітті, дайын», – деді мердігер ұйымның өкілі Дастан Әділбеков

Жұмыс сапары барысында тұрғын алаптарды дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Зерделі және Айгерім-2 ықшамаудандарының тұрғындарымен өткен кездесуде халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін коммуналдық мәселелер сөз болды.

«Қала әкімі Дархан Амангелдіұлының алдында кәріз, су және жол мәселелері көтерілді. Әкім тыңдады, рақмет. Біз сұрақтарымызға жауап алдық», – деді қала тұрғыны Самат Жамалов.

 Кездесуден кейін қала әкімі азаматтарды жеке қабылдады. Тұрғындар жеке мәселелерімен қатар, ықшамаудандардағы ортақ түйткілдерді жеткізді. Атап айтқанда, инженерлік желілерді пайдалану, оларды күтіп ұстау және инфрақұрылымдық жобаларды жедел іске асыру жайы сөз болды.

«Қаланың қақ ортасында Шишков көшесінде кәріз желісі жоқ. Халық соған наразы, мәселені  шешіп беруін сұрадым. Сұрағымды тыңдап, шешілетінін айтты. Жақсы көңіл-күймен кетіп бара жатырмын», – деді қала тұрғыны Алуаш Әбілтайқызы

 Аудан әкімдігінің мәліметінше, көтерілген мәселелердің бірқатары қазірдің өзінде шешіліп жатыр. Тұрғындарды қажетті инженерлік желілермен қамтамасыз етуге бағытталған бірнеше ірі жоба жүзеге асырылуда.

«Рахат, Мәдениет, Теректі және Шапағат ықшамаудандарында инженерлік желілер салу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар биыл аудан әкімдігі аппаратының тапсырысы бойынша кей аумақтарда кәріз жүйелерін тарту жобасы басталды. Қазір мердігер ұйым анықталды», – деді Алатау ауданы инженерлік және жол инфрақұрылымы бөлімінің басшысы Әділ Төлегенұлы.

Алатау – мегаполистегі қарқынды дамып келе жатқан аудандардың бірі. Сондықтан инженерлік желілер мен әлеуметтік нысандар салу мәселесі маңызды. Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша қала әкімі жауапты басқармаларға тұрғындардың өтінішін бақылауда ұстап, жоспарланған жобалардың уақытылы орындалуын тапсырды.

Гүлмарал Изатқызы, Адель Ақжаркенова, Жақсылық Тілепберген, Рашиддн Якупов

Оқи отырыңыз: Алматыда жасанды интеллект құрылымдары бар зияткерлік зертханалық кешен іске қосылды