Алматының Жетісу ауданында 34 ескі үй сүрілді

15.11.2024 15:50

Бұзылған үйлердің тұрғындары жаңа үйлерге көшірілді

Қала әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыда тұрғын үй қорының жаңартылуы «Тұрғын үйді реновациялау бағдарламасы» аясында жалғасуда. Жетісу ауданында 2030 жылға дейін 135 үйді қамтитын жаңа реновациялау бағдарламасы бекітілді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазір ауданда 304 пәтерді қамтитын 34 ескі үй бұзылды. Келесі жылы 30 үйдің 280 пәтерінің иесін жаңа баспанаға көшіру жоспарланып отыр.

Мысалы, Қрылов, Скрябин, Гончаров көшелері мен Райымбек даңғылының аумағында инвестор 16 ескі үйдің орнына 944 пәтерден тұратын 11 үйдің құрылысын жүргізуде. 

Бұзылған үйлердің тұрғындары жаңа үйлерге көшірілді. Бүгінгі таңда 9 үй толық аяқталған, ал қалған 2 үй жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

Сонымен қатар, Боткин, Казаков, Гончаров, Скрябин көшелері мен Райымбек даңғылының аумағында тағы бір компания 6 ескі үйдің орнына 576 пәтерден тұратын 11 үй салып жатыр. 

Бүгінде бірінші кезектегі 3 үй пайдалануға беріліп, бұзылған үйлердің тұрғындары сол жерге көшірілді. Қалған 8 үйдің құрылысы жалғасуда.

Бағдарлама аясында жаңа үйге көшкен тұрғындардың бірінің айтуынша, олардың отбасы ескі, сейсмикалық қауіпті үйдің орнына заманауи тұрғын үй кешеніне көшкен.

«Біз жөнделіп, дайындалған, алаңы бірдей жаңа пәтер алдық. Үйдің құрылысы кезінде бізге уақытша баспана тегін берілді. Мұндай бағдарламалар өте маңызды, себебі әркімнің жаңа тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алуға мүмкіндігі жоқ, әсіресе ескі үйдегі жылжымайтын мүлікті сату қиын», – деді Фарида Ишмеметова.

Айта кету керек, тұрғындарды ескі үйлерден жайлы пәтерлерге көшіруді жеделдету мақсатында Алматы әкімдігі 2030 жылға дейінгі реновациялау бағдарламасын әзірледі.

Бағдарлама аясында сейсмикалық тұрақсыз, пайдалану мерзімі өткен және өмірге қауіп төндіретін үйлерді бұзылады. Олардың орнына заманауи тұрғын үй кешендері салынады.

Оқи отырыңыз: Алматы облысында Қызыл кітаптағы сирек кездесетін жануар көзге түсті