Шаһар әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары аясында әлеуметтік нысанға арнайы барып, ондағы шаруамен танысты
Алматының Алтай шағынауданындағы жаңа емхананың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Шаһар әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары аясында әлеуметтік нысанға арнайы барып, ондағы шаруамен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жауаптылардың сөзінше, ауданы 10 мың шаршы метр болатын медициналық мекеме ауысымына 500 адамға дейін қабылдай алады. Қазір онда ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, ғимараттың қасбеті жасалып жатыр.
«Қазір 140-150 адам жұмыс істеп жатыр.Құрылыс материалдары сапалы, сейсмотұрақтылыққа мән беріп жатырмыз. Жоба бойынша іске асып жатыр, 2026 жылдың соңына дейін құрылыс эксплуатацияға беріледі», – деді жоба жетекшісі Фархат Ертұяқов.
Сондай-ақ Сейфуллин даңғылы мен Бөгенбай батыр көшесінің қиылысында орналасқан № 1 перзентханаға қосымша ғимарат салынып жатыр. Бұл нысан 155 төсек-орынға есептелген. Бүгінде толығымен монолит жұмыстары аяқталып, инженерлік желілерді салу ісі қолға алыныпты. Одан бөлек, шаһар басшысы Әйтеке би көшесіндегі емхананың құрылыс барысымен танысты. Ондағы шаруа биыл жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.
Айта кетейік, Алматыда бюджет қаражаты есебінен 94 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде денсаулық сақтау саласына тиесілі 13 нысан бар. Мегаполис әкімі Дархан Сатыбалды құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізіп, ғимараттарды пайдалануға беру уақытын жеделдетуді тапсырды.
«Қазіргі таңда бекітілген жұмыс кестесінен кешіккен жоқ, жоспарға сай жүргізіліп жатыр. Құрылысты 2026 жылдың қаңтарында бастадық, ал 2027 жылы наурызда тапсырамыз», – деді жоба жетекшісі Данияр Санат.
Оқи отырыңыз: Алматының негізгі көшелері жаңа кейіпке еніп жатыр: құрылыс жұмыстары қашан аяқталады