Ата-аналар нені ескеруі тиіс: Алматыда қауіпсіздік ережесі туралы жадынама таратылды

08.05.2025 20:35

Полицейлер қылмысты азайтуға дәл осындай бастамалардың әсері көп екенін айтты

«Жасөспірім» жедел профилактикалық шарасы аясында Алматы тұрғындарына қауіпсіздік ережесі жазылған жадынама таратылды. Бұл бастама кәмелетке толмаған балаларды қараусыз қалдырмауға, құқық бұзатындардың санын азайтуға бағытталған. Рейдке Түрксіб ауданы полиция басқарамасының қызметкерлері мен №59 мектеп-гимназияның ұжымы, ата-аналардан құралған еріктілер тобы қатысты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Күн жылып, жаз келген шақта кешкі салқынмен көшеге шығып, серуен құратындар көбейеді. Десе де, заң бәріне ортақ екенін ұмытпаған жөн. Ата-ана алдымен баласының қауіпсіздігіне мән беруі тиіс. Себебі сағат 22:00-ден таңғы 6.00-ге дейін кәмелетке толмағандардың ойын орталықтарына, көңіл көтеретін мекемелерге баруына тыйым салынады. Ал түнгі он бірден бастап жеткіншектер жанында ересек адам болмаса, далада жүре алмайды. Осы қағиданы тағы бір еске салу үшін №59 мектеп-гимназияның ұжымы тәртіп сақшыларымен бірлесе рейд өткізді.

«Ата-аналар үшін де, балалар үшін де өте қажетті. Өйткені балалардың тәртібіне, қауіпсіздігіне ата-аналар жауапты. Бұл ережелерді QR-код арқылы қарап, көруге болады», - деді қала тұрғыны Гауһар Тұрсынбаева.

Іс-шараны ұйымдастыруға мұрындық болған білім ордасының ата-аналары рейдке ерікті түрде қатысып, құқық бұзғандарды анықтауға, ақпарат бөлісуге атсалысты.  

«Осындай іс-шараларға үнемі қатысуға тырысамыз. Және өз балаларымызды үнемі айтып отырамыз. Тәрбие үй ішінен, отбасынан басталады», - деді ерікті Руслан Байзақов.

«Іс-шараның екінші мақсаты –заң мен тәртіп қағидатын жүзеге асыру. Заң мен тәртіп қағидаты осымен екі жыл көлемінде біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында, тәрбие парадигмасының негізгі құндылықтарының бірі ретінде іске асырылып келеді», - деді №59 мектеп-гимназиясының директоры Асан Торғанбеков.

Жадынамалар таратылып, ереже түсіндірілген соң, мамандар компьютерлік клубқа бас сұқты. Орталық қызметкерлері мен жастарға заңда көрсетілген талаптар айтылды. Полиция қызметкерлері қылмысты азайтып, оның алдын алуға дәл осындай бастамалардың әсері мол екенін жеткізді.

«Егер 18-ге толмаған баланың ата-анасынсыз немесе заңды өкілінсіз ойын-сауық клубтарында жүргені анықталған болса, бірінші жолы 3 АЕК айыппұл салынады. Балаларын уақытылы қадағаламағаны үшін ата-анасы, сондай-ақ арнайы ойын-сауық мекемелерінің иелері 132-бап бойынша әкімшілік-жауапкершілікке тартылады», - деді Түрксіб ауданы полиция басқармасы ювеналды полиция бөлімшесінің аға инспекторы Қуаныш Өмішева.  

Ал егер кәмелетке толмағандардың тұрғын үй маңында қараусыз жүргені анықталса, ата-анасына алдымен ескерту беріледі. Бір жылдың ішінде жағдай қайталанса, баланың әке-шешесі айыппұл арқалайды.

Рүстем Айткәрім, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Жеңіс-80: Алматыда Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған 8 аллея ашылды