Ата Заңмен жаңғыру: Алматыда Atameken CUP XXIV республикалық дебат турнирі өтті

22.02.2026 11:55

Екі күнге жоспарланған білім додасына еліміздің барлық өңірінен 140-тан астам команда тіркелген

Суретті түсірген: С. Серікбайұлы

Мегаполисте «Ата Заңмен жаңғыру» тақырыбында Atameken CUP XXIV республикалық дебат турнирі өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Екі күнге жоспарланған білім додасына еліміздің барлық өңірінен 140-тан астам команда тіркелген, олардың 64-і негізгі кезеңде бақ сынады. Турнир жас пікірсайысшылардың зияткерлік әлеуетін арттыруға, құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және өзекті қоғамдық мәселелерді терең талқылауға бағытталған.

– Турнирдің төрт іріктеу раунды өтті. Раундтар қатысушылар бір-бірімен қайта кездеспейтіндей жүйемен ұйымдастырылды. Ал алдағы уақытта үздік спикерлер ЛД (лидерлер дебаты) форматында пікірсайыс өткізеді.
Биылғы турнирдің тақырыптары референдум, Конституцияға енгізіліп жатқан өзгерістер және Құрылтай мәселелеріне арналды. Сонымен қатар, білім беру саласы, орта және жоғары оқу орындарындағы жүйе, ҰБТ төңірегіндегі мәселелер де қозғалып жатыр. Бұдан бөлек, білім беру жүйесіне жасанды интеллекттің енгізілуі туралы да қатысушылар өз ойларын білдіріп, талқылау жүргізуде, – деді «Атамекен» интеллектуалды пікірсайыс клубының орта буын мүшесі Нұрмағамбет Жетібай. 

Қатысушылардың ойы мен уәждерін бағалайтын әділқазы алқасының құрамында «Атамекен» интеллектуалды пікірсайыс клубының түлектері, аға буын және орта буын мүшелері бар. Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін турнир биыл 24-ші рет ұйымдастырылып отыр. Ширек ғасырға жуық тарихы бар дода жыл сайын жас пікірсайысшылардың басын қосып келеді.

Шымкент қаласынан келген қатысушы Мұхамеджан Бердіхан сайыс алаңына кілең мықтылар жиналғанын жеткізді. 

– Пікірсайыста жастар ел дамуының стратегиялық бағыттары, құқықтық мемлекет қағидаттары, әділетті қоғам құру жолдары жөнінде өз көзқарастарын білдіріп, дәлелді ой-пікірлерін ортаға салды. Соның ішінде Алматы қаласының пікірсайысшылары жоғары деңгейде ойнады, – деді қатысушы.  

Ауқымды республикалық турнир жас буынның азаматтық белсенділігін арттырып қана қоймай, олардың көшбасшылық қабілеттерін шыңдауға және шешендік өнерін дамытуға мүмкіндік берді.

Оқи отырыңыз: Ұлттық және халықаралық құқық: жаңа Конституциядағы негізгі бағыттар