Ауыз су сапасы: Алматыдағы зертхананаларда тіршілік нәрінің құрамы қалай тексеріледі

Алматының сумен жабдықтау жүйесі қаланың және облыстың іргелес аудандарын қосқанда 1 миллионнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда ауыз су сапасын бақылау үшін зертханаларында жылына 70 мыңға жуық сынама жүргізіледі. Тіршілік нәрінің құрамы сағат сайын тексеріліп отырады. Осылайша, ішуге жарамды су алдымен 10-15 сағаттық тазарту кезеңінен өтеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ел бойынша ең ірі саналатын Алматының сумен жабдықтау жүйесі қаланың және облыстың іргелес аудандарын қосқанда 1 миллионнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді. Бүгінде мұндағы тіршілік нәрін тау өзендері мен жер асты ұңғымалары сынды екі негізгі көзден алады. Ол тұтынушыға жетем дегенше бірнеше сынамадан өтеді. Судың тазалығы, иісі, дәмі, түсі сағат сайын қадауғалауда болады. Ал зертханада оның құрамы, қаттылығы тексеріледі. Егер қандай да бір өзгеріс болса, бірден жауаптыларға хабарланады.

"Органолептикалық, микробиологиялық, прозеторологиялық, тағы да басқа толық анализдер осы жерде жүргізіледі. Әртүрлі аспаптарда тексеріп көріп бағалап, ары қарай есептеп шығарамыз. Біздегі ең таза су", – деді химиялық-бактериологиялық зертхана меңгерушісі Гүлшат Табаева.

Мамандар арнайы құрал арқылы су құрамында элементттердің бар-жоғын анықтайды. Мәселен, күнделікті тұрғындар қолданып жүрген тіршілік нәрінде фтор, темір, магний және кальций бар. Сондай-ақ судың құрамы барлық санитарлық нормалар мен талаптарға сай болуы үшін алдымен тұндыру, коагуляция, сүзу және дезинфекция сынды 4 тазарту кезеңінен өтеді.

"Су тұндырғыштан өткен соң, сүзгі стансасына жіберіледі. Ол жақта сүзгілеуден өтіп, таза су резервуарына келіп түседі. Резервуарда ол залалсыздандырылып, әрі қарай тұтынушыларға беріледі", – деді су бекіту құрылымдарының операторы Оксана Волохова.

Мегаполисте су қоры жеткілікті болғанымен, жаңа желілерді салу, тозығы жеткен құбырларды ауыстыру және сорғы стансаларын жаңарту жұмыстары ұдайы жасалып отырады. Соның ішінде биыл 30 шақырымға жуық ескі су желісін ауыстыру ісі қолға алынған.

Жансая Олжабек, Амина Үсенова, Мейрам Исабек

Оқи отырыңыз: Алматының коммуналдық қызметі қысқа дайын

Новости партнеров