Ажарлы Алматы: Қала күніне орай республикалық кәсіби суретшілер байқауы өтті

16.09.2026 21:13

Еліміздің түкпір-түкпірінен 168 қылқалам шебері қатысуға өтінім берген

Алматыда қала күніне орай «Ажарлы Алматы» республикалық кәсіби суретшілер байқауы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алғаш рет ұйымдастырылған іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 168 қылқалам шебері қатысуға өтінім берген. Байқау екі кезеңнен тұрды. Таланттардың жұмысын өнер және мәдениет саласындағы кәсіби мамандар мен суретшілер бағалады. Яғни, қазылар алқасы мамандардың көркемдік деңгейін, идеясын, мазмұнын, композициялық шешімін кешенді түрде саралады. Келіп түскен туындылардың ішінен 109 кәсіби суретшінің жұмысы қабылданып, ерекше көзге түскен 10 туынды марапатталды.

«Бұл байқаудың негізгі мақсаты – біріншіден, кәсіби суретшілеріміздің шығармашылығын қолдау. Ал екіншіден, Алматы қаласының күніне орай ажарлы келбетін суретшілердің көзімен халқымызға, тұрғындарымызға көрсету, насихаттау», – деді  «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК директоры Ләззат Сағындықова.  

Байқау қалалық әкімдіктің қолдауымен ұйымдастырылды. Жүлде қоры – 10,5 миллион теңге. Атап айтқанда, 1-орынға – 3 миллион теңге, 2-орынға (екі адамға) 2 миллион теңгеден, ал 3-орынға (екі жеңімпазға) 1 миллион теңгеден берілді. Сондай-ақ 5 қатысушыға 300 мың теңгеден ынталандыру сыйлығы табысталды.¤

«Қуаныштымын, шынымды айтсам, шамалы толқып тұрмын. Орталық үлкен позициядағы Есентай молл. Негізгі түпкі идеясы майнкрафт ойынынан алынған. Заманауи ойын, қазір балалардың барлығы ойнайды. Телефон, смартфон арқылы. Сол идеяны реализм бағытқа қиял бағытқа ауыстырып, жұмыс жасадым», – деді  жеңімпаз Асқар Нұрболат.

Оқи отырыңыз: Қала күніне орай 1000 жас суретші бір мезетте Алматыны бейнелейді

Толық көрсету