Бала қауіпсіздігі: Дархан Сатыбалды білім ордаларындағы қауіпсіздікті күшейтуді тапсырды

23.04.2026 19:27

Алматыда Құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезектен тыс отырысы өтті

Алматыда Құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезектен тыс отырысы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Маңызды жиында қозғалған басты тақырып –  «Білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету және заңсыз әрекеттердің алдын алу». Қала басшысы Дархан Сатыбалды Түркия мектебінде болған жантүршігерлік жағдайды мысалға ала отырып, білім ордаларындағы қауіпсіздікті күшейтуге назар аудару қажет екенін айтты. Ол мектептер мен колледждердегі профилактикалық жұмысты күшейтудің, білім беру ұйымдарын ішкі және сыртқы бейнебақылау жүйелерімен толық жабдықтаудың, ғаламтордағы қауіптерге қарсы іс-қимыл жүргізудің маңыздылығын айтты. 

«Атырау облысында оқушы мектепке балтамен келіп, айналасындағыларды қуып, қауіп төндірген жағдай болды. Өкінішке қарай, Алматы қаласында да белгілі бір тәуекелдер сақталып отыр. Жасөспірімдер арасында буллинг, суық қару қолдану, жалған миналау туралы хабарлау фактілері кездеседі. Әрбір осындай жағдай – біз үшін нақты ескерту сигналы. Біз қауіптің алдын алу бағытында жүйелі және нақты шаралар қабылдауымыз қажет», – деді Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды.

Сонымен қатар қала мектептерінде өз-өзіне қол салу дерегі жиі кездесетін болған. Бұл туралы Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сәкен Аралбаев мәлімдеді. Тіркелген суицид жағдайларының 82 пайызға жуығы бала мен ата-ана арасындағы күрделі қарым-қатынастың салдарынан туындаған.

«Биылғы жылдың бірінші тоқсанында 17 жағдай анықталып отыр. Оның 15-і суицидтік әрекет, екеуі өкінішке қарай, аяқталған суицидтік оқиға. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 10 жағдайға артық. Бұл – біз үшін үлкен сын-қатер. Талдау жұмыстары көрсеткендей негізгі жас ерекшелігі 14-17 жас аралығындағы жасөспірімдер өзіне қол салуға бейім болады», – деді Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сәкен Аралбаев.

 Оқи отырыңыз: Алматы ТМД елдерінің парламенттік дипломатиясы мен интеллектуалды диалог алаңына айналды