Балабақшадан басталған экологиялық тәрбие: Алматыда қалалық семинар өтті

22.10.2025 16:48

Семинар барысында жылыжайды күтіп-баптаудың қыр-сыры таныстырылды

Алматыда «Жасыл балабақша – балаларды экологиялық мәдениетке тәрбиелеудің үлгісі» атты қалалық семинар өтті. Іс-шара шаһардағы №186 бөбекжай-балабақшасында ұйымдастырылып, экологиялық білім берудің озық тәжірибелері талқыланды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Семинар барысында қатысушыларға жылыжайды күтіп-баптаудың қыр-сыры таныстырылды. Сондай-ақ суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру жолдары мен тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау тәжірибесі іс жүзінде көрсетілді. Мамандардың айтуынша, «жасыл балабақша» жобасы – экологиялық сананы қалыптастырудың тиімді жолы.  

«Негізі экологиялық тәрбиені кішкентай кезден, яғни балабақшадан бастау керек. Өйткені тәрбие балабақшадан берілсе, балалар ертең табиғатты аялауды, суды үнемдеп пайдалануды, өз елін, жерін сыйлап, жақсы көруді үйренеді. Мұның бәрін балабақшадан бастасақ, әр бала кішкентайынан осы дағдыларды бойына сіңіреді. Экологиялық тәрбие дегеніміз – осы», – деді №186 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Айгүл Имамбекова.

Оқи отырыңыз: Республика күніне орай Алматыда скверді абаттандыру жұмыстары аяқталды