Азаматтардың жеке мәселелерін шешу үшін аудан әкімдіктерінің өкілдері, сәулетшілер жұмыс істеді
Алматының Бас жоспарын түзету жобасы аясында полиорталықтарды дамытуға айрықша назар аудару қажет. Бүгін өткен қоғамдық талқылауда көпшілікке осы тақырып кеңінен таныстырылды. Жобаның негізінде қалалық белсенділікке арналған жаңа 5 бірдей орталық құру идеясы жатыр. Аталған тұжырымдаманы халықаралық сарапшылар әзірлеген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматыны полиорталықты даму моделіне көшіру - 2040 жылға дейінгі Бас жоспардың негізгі қағидаттарының бірі. Бұл бастама экономикалық белсенділікті тең бөлуге, көлік жүктемесін азайтуға және қалалық инфрақұрылымның қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ полиорталықтардың өзара тығыз байланыста болуы да маңызды.
«Әр полиорталықта қоғамдық кеңістіктерді көбейтіп, оларды дамыту ісіне ерекше көңіл бөлу қажет. Қаланы сәулеттен емес, ландшафттан бастап қалыптастыру өте маңызды. Жоғары ландшафтық эстетикасы бар саябақ орталық элемент ретінде қызмет атқаруы тиіс. Сондай-ақ әр орталықты өзінше көріктендіру қажет. Мәселен «Батыс» полиорталығы Алматының өсуіндегі негізгі нүктелердің бірі болып, заманауи өндіріс, логистика және қоғамдық кеңістіктерді дамытуға бағытталады», – деді «Алматыбасжоспар» ҒЗИ бас директоры Асхат Сәдуов.
2040 жылға дейінгі Бас жоспар жобасына сәйкес, Алматыда бес қала орталығын дамыту жоспарланған. Олар «Тарихи орталық», «Шығыс қақпасы», «Батыс», «Оңтүстік-батыс» және «Солтүстік» болып бөлінеді. Олардың дамуы көлік инфрақұрылымымен, әсіресе жылдам транзиттік желілермен және негізгі көлік тораптарымен байланысты болмақ. Сондай-ақ қоғамдық талқылауға Сенат депутаттары қосылды. Ақжағалылардың айтуынша, мұндай келелі кеңестер халық пен билік арасында көпір болып, көп мәселенің шешілуіне сеп болады.
«Егер қандай да бір сұрақ шешілмей қалса, ауданды аралап, тұрғындардың сұрағына жауап беру керек. Қала әкімінің орынбасарымен келістік. Кез келген ұсынысқа тиісті жауабын беріп, 100 пайыз халықтың ойы қабылданып, қаралуы керек», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сұлтанбек Мәкежанов
Айта кетейін, қоғамдық талқылау үш күнге жалғасты. Онда жауапты мамандар Бас жоспарды түзету жобасы аясында баяндама жасап, тұрғындарды толғандырған сауалдарға жауап берді. Сондай-ақ қажет болған жағдайда құжатты одан әрі жетілдіру барысында алматылықтардың ұсынысы ескерілмек. Азаматтардың жеке мәселелерін шешу үшін аудан әкімдіктерінің өкілдері, сәулетшілер жұмыс істеді.
Гүлмарал Изатқызы, Ялкунжан Әшімжанов
Оқи отырыңыз: Алматының Бас жоспарын талқылау ашық форматта өтіп жатыр - сенатор