Базарбек Атығай: Бұл – Ұлыстың ұлы күнінде Абай жылы басталғанының белгісі

Алматыда 5000-нан астам адам Абай әндерін орындады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл ұлы ақын, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толады. Осыған орай елімізде бірқатар ауқымды іс-шара өткізілмек. Мерейтойлық бағдарламаның ең алғашқысы Алматы төрінде Наурыз мейрамының қарсаңында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Кемеңгер тұлғаның таңдамалы туындыларын біріге шырқау үшін 5 мыңнан аса адам Абай алаңына жиналды.

«Көзімнің қарасы, көңілімнің санасы,

Бітпейді іштегі, ғашықтық жарасы».

 Сүйіспеншілік, құштарлық, сағыныш пен махаббат сезімі шебер өрнектелген Абай Құнанбайұлының көпке белгілі бұл туындысын 5 мыңнан аса адам Республика сарайының алдында бірге орындады. Алатаудың баурайы ән мен жырға бөленді. Алматылықтар болса, жыл басын кемеңгердің мерейтойын атап өтуден бастады.

 «22 наурыз мейрамда халық ұлттық киімменен шығып, Абайдың әнін 5000 адам шырқадық», – деді қала тұрғыны Орынша Берденова.

 «Абай Құнанбаевты барша қазақ баласы білуі керек. Басқа ұлт өкілдеріне Абайды танытқан дұрыс деп ойлаймын», – деді студент Айзада Сімәділ.

Одан бөлек көпшілік ақынның «Желсіз түнде жарық-айын» шырқап, қара сөздері мен өлеңдеріне құлақ түрді.

«Биыл елімізде Абайдың 180 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтеді. Бүгінгі ірі шара – ұлыстың ұлы күнінде, жаңа жылдың жаңа күнінде Абай жылының басталғанының белгісі. Бүгін Абайға деген қазақтың сағынышы, құрметінің белгісіндей алаңда 5000-нан астам адам жиналып, ақынның әндерін орындады. Неге Абай жылының ізашар шарасы Алматыда басталды? Еліміздегі ең үлкен Абай атындағы даңғыл Алматыда. Хакімжан Наурызбаев жасаған ең үлкен Абай ескертіші де Алматыдағы Абай алаңында тұр. Абай атындағы ұлттық университет, мемлекеттік академиялық театр да Алматыда. Абай атымен байланысты қалада көптеген нысан бар. Болашақта жыл сайын тамызда өтетін Абай күнінде Абай әндерін орындау еліміздің барлық өңірлерінде дәстүрге айналса деп ойлаймыз. Бұл жобаны Абайға арналған жыл бойы әр түрлі фоматта өрістей беретін әр түрлі іс-шаралардың басы деп қабылдаңыздар», – деді идея авторы, мәдениеттанушы Базарбек Атығай.

Бірлікті насихаттаған, ізгілікке үндеген іс-шара кейін «NauryzFest» фестиваліне жалғасты. Келушілер «Жаңа ғасыр» театры дайындаған қойылымды тамашалап, көрмеге қойылған ұлттық аспаптар мен құнды жәдігерлерді де көрді.  

Рүстем Айткәрім, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыздар: Алматыдағы Оқушылар сарайында Үлкен концерт залы ашылды

Новости партнеров