Биыл қалада 52 мыңнан астам жұмыссыз адам тіркелген
Биыл 6 айдың қорытындысы бойынша Алматыда 52 мыңнан астам жұмыссыз адам тіркелген. Бұл – ұлттық статистика бюросы берген мәлімет. Ал екі қолға бір күрек таппай жүргендер саны бұдан көп болуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Елде жұмыссыздық деңгейі өткен жылмен салыстырғанда өзгерген жоқ. 4,7 пайыз деңгейінде сақталып тұр. Ұлттық статистика бюросы биыл жарты жылда Қазақстанда 451 мыңнан астам адам жұмыссыз ретінде теркелген. Оның 3,7 пайызы 16 дан 24 жасқа дейінгілер, 3,3 пайызы 25 пен 28 жас аралығы, 2,8 пайызы 29 дан 34 жасқа дейінгі жұмыссыздар екен. Ал Алматыда 53 мыңға жуық азамат тіркелген.
Еңбек еткісі келетін азаматтарға тұрақты және уақытша жұмыс табуға болатын арнайы бағдарлама бар. Бірақ адамдар ұсынысты қабылдай бермейді. Ал жаңа мамандық игеремін десеңіз тегін оқытылатын курстар бар. Тіпті кәсіби кадр болып шыққан соң жеке бизнесіңізді бастап кетуге болады. Оған қолдау көрсететін, бизнес идеяларыңызды жүзеге асыруға болатын гранттар, микронесиелер алуға жәрдем беретін де бағдарламалар бар.
"Электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілер тарапынан 2500-ге жуық бос жұмыс орындары жарияланған. Олардың саны 5500-ді құрайды. Топ-5-ке тоқталсақ, бірінші орында білім және тәрбиелеу саласындағы мұғалімдер және тәрбиешілер. Екінші орында медицина және фармацевтика саласы, үшіншісі біліктілікті талап етпейтін мамандықтар. Төртінші сауда және қоймалау саласы, бесіншісі орында бухгалтерлік есеп және аудит. Алматы қаласындағы сұранысқа ие мамандықтар", – деді қалалық Еңбек мобильдігі орталығы Мансап орталығының басшысы Әділет Жаңабаев
Сандарды сөйлетсек, жұмыспен қамтылғандардың басым үлесі сауда (16,8%), білім (13%), және өнеркәсіп (12,6%) саласында қызмет атқарады.
Ал «Жастар тәжірибесі» және «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламалары сәтті жүзеге асып келеді. Шарттары қарапайым. 35 жасқа дейінгі кез келген адам жұмыссыз ретінде тіркеліп, ұсынған жұмыс орнына барады. «Ұрпақтар келісімшарты» бағдарламасы да тиімділігін көрсеткен. Бұл жоба зейнет жасына жетіп қалған мамандардың тәжірибесін ЖОО немесе колледж түлектеріне үйретуге бағытталған. Сонымен қатар биылдан бастап «Алтын жас» жобасы бастау алды. Жоба зейнет жасындағы тұрғындарға арналған. Тұрақты жұмыс орны жоқ, Алматы қаласында тіркелген тұрғын болуы шарт.
Айта кету керек, жұмыссыздық деңгейінің көтерілуі немесе азаюы – экономикаға әсер етуші фактор. Керісінше де экономиканың құлдырауы немесе нығаюы жұмыссыздыққа да әсер етеді.
Оқи отырыңыз: Үлкенге құрмет: Almaty TV ұжымы қарттарды құттықтады