Алматылықтар қауіпсіздігі: Досаев Құрылыс ережелері мен қала құрылысы регламентінің маңыздылығы туралы айтты

18.12.2024 14:26

Алматыда нүктелі құрылыс, тау бөктерлерін, жасыл аймақтар мен аула аумақтарын салуға шектеулер енгізіледі

Пресс-служба акима города Алматы

Алматыда жаңа Құрылыс ережелері мен Қала құрылысы регламенті әзірленіп, қаладағы құрылысқа қатаң шектеулер енгізілуде. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев ОКҚ-де өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Менің әкім ретінде жұмысым нүктелі құрылыс мәселесінен басталды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 19 нысан анықталып, олармен жұмыс жүргізілді, кейбірін бұздық, кейбірін сатып алдық. Барлық мәселе шешілді. Жаңа Құрылыс ережелері мен қала құрылысы регламентінде біз бұл мәселелерді бекіттік", – деді қала әкімі журналистердің нүктелі құрылыс мәселесі бойынша сұрақтарына жауап беріп.

Жалпы, 2022 жылдың басынан бастап Алматыда құрылысқа бақылауды күшейту аясында барлығы 69 құрылыс нысаны, оның ішінде 26 тұрғын үй және 43 коммерциялық нысан, толық немесе жартылай бұзылды. Негізгі бұзушылықтар – рұқсат беру құжаттарының толық болмауы және келісілген жобалық эскиздерден ауытқулар. Мұндай нысандарды бұзу сот шешімімен жүргізіледі.

"Біз үлкен жұмыс атқардық. Жаңа Құрылыс ережелері мен Қала құрылысы регламентін әзірледік, олар қалада құрылысқа қатал шектеулер енгізеді, яғни нүктелі құрылыс, тау бөктерлерін, жасыл аймақтарды және аула аумақтарын салуды мүмкіндігінше болдырмайды", – деді қала әкімі.

Мысалы, Абай даңғылы мен әл-Фараби даңғылы арасындағы аумақта 9 қабаттан жоғары тұрғын үйлер салуға тыйым салынады, тек ерекше нысандарға рұқсат беріледі.

Құрылыс тек қоғамдық маңызы бар, тұрақтылық пен экологиялық шешімдердің сақталуын қамтамасыз ететін, энергия тиімді және ресурсты үнемдейтін технологияларды қолданатын жобалық негіздеме болған жағдайда ғана жүзеге асырылады.

ШААЖ оңтүстік бөлігінде, әл-Фараби даңғылы, Саин және Жандосов көшелерінің бойында, 15 градус және одан жоғары еңістегі тау беткейлерінде құрылысқа тыйым салынады. Реконструкция кезінде террасалар мен техникалық қабаттарды қайта құрылымдауға да рұқсат жоқ.

Қалада III класстан төмен тұрғын үй салынбайды. Барлық тұрғын үйлердің нүктелі орналастырылуы мен аула аумақтарындағы құрылыс тоқтатылады.

Бұған қоса, жаңа ережелер мемлекеттік органдардың көпқабатты тұрғын үйлерді қабылдау және пайдалану жөніндегі бақылау функцияларын күшейтеді, сондай-ақ, сәулет-құрылыс бақылау органдарының өкілеттіктерін кеңейтеді.

Қазіргі таңда жаңа Құрылыс ережелері мен Қала құрылысы регламенті ашық түрде талқылауға ұсынылған. Жыл соңына дейін олар Мәслихат депутаттарына ұсынылып, мақұлданса, 2025 жылдың басынан бастап күшіне енеді.

"Егер мәслихат жаңа Қала құрылысы регламенті мен Құрылыс ережелерін мақұлдаса, біз қалада жұмыс істейтін негізгі шарттарды түбегейлі бекітеміз және жеке тұлғалардың мәселесін шешеміз. Олар бүгінгі күні реттеу аймағынан тысқары қалып, тау бөктерін кесіп, жаңа үйлер салып жатыр. Бұл ең алдымен олардың қауіпсіздігі үшін маңызды", – деді Ерболат Досаев.

Оқи отырыңыз: Алматыда алғаш рет аула аумақтарын кешенді күтіп ұстау тәжірибесі енгізілді