Бірлік бар жерде - тірлік бар: Алмалы ауданы мерекені Сайран жағасында қарсы алды

01.05.2026 15:38

Сахнада кезек-кезек халықтық музыкалық ансамбльдер өнер көрсетті

Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алмалы ауданы Қазақстан халқының бірлігі күнін Сайран көлінің жағасында атап өтіп, ол аудан халқын ұйыстырған үлкен мерекеге айналды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Таң сәріден бастап кеңістік халық аспаптарының әуеніне бөленіп, домбыра, қобыз, аккордеонның үні әр халықтың дәстүрін тоғыстырған ерекше атмосфера қалыптастырды. 

Қонақтарды ұлттық нақыштағы киімдермен қарсы алды: кестелі киім мен бас киімдердің әрқайсысы тарихтан сыр шерткендей болды.

Сахнада кезек-кезек халықтық музыкалық ансамбльдер өнер көрсетті. Ән әртүрлі тілде шырқалғанымен, оларды біріктірген нәрсе — туған мәдениетке деген сүйіспеншілік еді. Әсерлі билер көрермендерді баурап алып, олар әр өнерді зор ықыласпен қолдап отырды.

Қолөнершілер жәрмеңкесі ерекше назар аудартты. Мұнда әшекейден бастап тұрмыстық бұйымдарға дейін қолдан жасалған түрлі туындылар қойылыпты. Жанында гастрономиялық аймақ ұйымдастырылып, қонақтарға әлем халықтарының ұлттық тағамын ұсынған. Дәмдеуіштердің иісі, жаңа піскен нан мен ыстық тағамдардың хош иісі алаңды алып кетіп, халық одан ауыз тиіп жатты.

Әртүрлі тіл, әртүрлі дәстүрдің басын қосқан нәрсе — бірлік. Бұл мереке Қазақстанның мәдениетке бай екенін, ынтымағы келіскен ел екенін паш етті.

Бірлік бар жерде - тірлік бар. Алматыдағы мереке осылайша қаншама ұлт пен ұлысты ұйыстырып отыр.

Оқи отырыңыз: Алматының Әуезов ауданы халық бірлігі мерекесін қалай атап өтті