Биыл Алматыда 900-ге жуық кәсіпкерге қолдау көрсетілген

Ісін өрге жүргізген 20 мың кәсіпкер 17 триллион теңгенің өнімін өндіріп, 1,2 триллион теңге салық төлеген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Алматының 900-ге жуық кәсіпкері «Даму» қорынан қолдау тауып, ісін дөңгелеткен. Оң бастамаларға мемлекет тарапынан 188 миллиард теңге бөлініпті. Ал оның басым бөлігі шағын және орта бизнеске тиесілі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Кәсіп ашып, өнім шығарып, іске бет бұрғысы келген жандарға әркез қолдау табылады. Кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беретін бағдарламалар да жеткілікті. Мемлекеттен қолдау алған сондай кәсіпорынның бірі бүгінде медицинаға қажетті заттар шығарады. Кез келген отада қолданылатын жабдықтарды дайындайды.

Кәсіпорын тиімділігі жоғары, қауіпсіз әрі сапалы медициналық құрал-жабдықтың 150 түрін шығарады. Зауытта жаңа туылған нәрестенің қолына байланатын білезіктен бастап, ас қорыту жолын тексеретін құрылғылар, нақтырақ айтсақ, асқазан сүңгісі, сонымен қатар қан сияқты адам ағзасынан алынған сұйықтықты сақтайтын құтылар дайындалады. Қуаттылығы жылына 10 млн өнімді жасауға жетеді.

«Хирургия, реанимация, перзентхана, урологияға, нейрохирургияға өажетті құрал-жабдықтар жасалдаы. Қазақстандағы 300-дей аурухана медициналық көмекке қажетті заттармен қамтамасыз етеміз», – деді кәсіпорын директоры Бағлан Баққұлова.

Кәсіпорын ұжымы бір ауысымда жұмыс істейді. Бастысы, сапаға көп мән беріледі. Өндірістің әр кезеңі бақыланады. Дайындалған өнімнің бір бөлігі Өзбекстанға экспортталады.

Ал қолдау алған кезекті зауыттың бірі –  жаяужол тасының – 20, жиектастың 3 түрін шығарады. Нәтижесінде, Алматы пен Алматы облысының 70 пайызын өніммен қамтамасыз етіп отыр. 

«Біздегі қондырғылардың барлығы Германия мен Италия елінде шығарылған. Зауыттың құрылысына сол мемлекеттің мамандары келіп атсалысты. Жоспарымыз өте көп. Енді еліміздің өзге де өңірлеріне өнімдерді көбірек тасымалдасақ деген ойымыз бар», – деді кәсіпорын бас директорының орынбасары Аркен Баратов

Бұл бағыттардан бөлек, «Даму» қоры тарапынан көлік логистикасы мен туризм саласына да айтарлықтай демеу көрсетіліп жатыр.

 «Алматы қаласы бойынша шағын және орта кәсіпкерлерге 2,3 триллион теңге бағытталып, 20 мыңнан астам кәсіпкер қолдау алған. Биылғы жылы 860 кәсіпкер 188 миллиард теңгеге қолдау алды», – деді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры филиалының директоры Жандос Нұрғазинов.

Кәсібін дамытуға мүмкіндік алғандардың 85 пайызы шағын және орта бизнес саласында еңбектенеді.

Атап өтейік, ісін өрге жүргізген 20 мың кәсіпкер 17 триллион теңгенің өнімін өндіріп, 1,2 триллион теңге салық төлеген.

Рүстем Айткәрім, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Жетісу ауданында 26 шақырым жол күрделі жөндеуден өтті

Новости партнеров