Биыл Түрксіб ауданында 21,2 шақырым кәріз желісінің құрылысы аяқталады

22.07.2025 15:57

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 6100 орындық төрт жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр

Алматының Түрксіб ауданында биыл жыл соңына дейін 28,4 шақырым су құбыры мен 21,2 шақырым кәріз желісінің құрылысы аяқталады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялық қызмет алаңында тілшілермен сұхбаттасқан аудан әкімі Бақытжан Ақжаров айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның айтуынша, былтыр Шуақты, Әлмерек шағынауданы мен Закарпатская көшесінде ұзындығы 43 шақырымнан асатын сумен жабдықтау желісі салынған. Сонымен қатар аудан әкімі Рысқұлов - Жансүгіров - Шолохов - Сейфуллин көшесінің аумағында инженерлік желі салу жобасы бойынша мемлекеттік сараптама алынып, Нұршашқан шағынауданындағы кей учаскелердің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатқанын айтты.

«Былтыр 2,1 шақырым жылу желісі жаңартылды. «Вокзал» жылу стансасына 3,4 шақырым су құбыры мен 7,3 шақырым электр желісі тартылды. Биыл тағы 9 жылу стансасын жаңалап, 8,9 шақырым желіні жаңарту жоспарланып отыр, бұл жұмыстар Наманган-Монтажная мен Сейфуллин-Котельников көшесін қамтиды», – деді Түрксіб ауданының әкімі Бақытжан Ақжаров.

Бақытжан Ақжаровтың айтуынша, ауданда қазір «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 6100 орындық төрт жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. Бұдан бөлек, Алматы телекоммуникациялар және машина жасау колледжіне жаңа ғимарат салу ісі қолға алынған. Ал № 50 мектепті сейсмикалық күшейту мен күрделі жөндеу жұмысы биыл желтоқсанға дейін аяқталса, № 59 мектеп-гимназиясының бір корпусын жаңарту тамыз айында бітеді. Сондай-ақ бірнеше оқу ошағына қосымша ғимарат салып, тағы бірнешеуін жаңғырту жұмыстары жоспарланыпты.

«Былтыр «Нұршашқан» шағынауданында 100 орындық дәрігерлік амбулатория салынып бітті. Жақын арада «Жұлдыз» шағынауданындағы № 20 емхана күрделі жөндеуден кейін қайта ашылады. Ал 2026 жылдың бірінші тоқсанында № 4 қалалық ауруханадағы қабылдау бөлімінің реконструкциясы аяқталады. Тамыз айында Наманган көшесінде 500 орындық жаңа емхананың құрылысы басталады», – деді аудан әкімі.

Оқи отырыңыз: Алмалы ауданында Жамбыл көшесінің бір бөлігі жабылады