Бөгде адам кіре алмайды: Алматыда тұрғын үйлердің шатыры тексеріліп жатыр

19.09.2024 16:51

Полицейлер тұрғын үйлерде тіркеусіз тұрып жатқан азаматтарды анықтауды да қолға алды

Алматылық полицейлер тұрғын үйлердің шатырын, оған шығатын есіктер мен кіреберістердегі терезелерді тексеріп жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тәртіп сақшылары үй-үйді аралап ел жұртқа түсіндірме жұмыстарын да жүргізеді. Егер күмән туғызатын жағдайлар болса бірден құзырлы органға хабарласу керек екенінін де ескертіп жүр.

«Көпқабатты үйлердің барлық шатырлары мен жертөлелері және басқа да шаруашылық бөлмелері тексеріліп, оларға бөгде адамның кіруіне жол берілмеу мәселесі қамтылады. Сонымен қатар жертөлелердің, шатырлардың есіктері құлпымен толықтай бекітіледі», - деді Әуезов аудандық полиция басқармасының бастығы Ұлан Әбілқайыр.

«Учаске» іс-шарасы аясында тәртіп сақшылары тұрғын үйлерде тіркеусіз тұрып жатқан азаматтарды анықтауды да қолға алған.

Айта кетейік, заңбұзушылықтың жолын кесу мақсатында іске қосылған бастама 16 қыркүйекте басталған. Небәрі үш күннің ішінде 50-ден аса адамның пәтерлерді тіркеусіз жалға алғанын анықтапты.