Almaty Half Marathon жарысына 44 елден 10 мыңнан астам адам қатысады

пресс-служба акима Алматы
пресс-служба акима Алматы
Жаңалықтармен бөлісіңіз

19 сәуір Алматыда тоғызыншы рет Almaty Half Marathon жартылай марафоны өтеді. Іс-шараны «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырып отыр. Көктемгі жарысқа әлемнің 44 елінен 10 мыңнан астам адам қатысады. Қатысу үшін almaty-marathon.kz сайты арқылы тіркелуге болады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қатысушыларға дәстүрлі қашықтықтар ұсынылады: жартылай марафон (21,1 км), 10 км, 10 км (скандинавиялық жүріс) және «Экиден» командалық эстафетасы. Жартылай марафонға 18 жастан асқан азаматтар қатыса алады, ал қалған қашықтыққа 15 жастан бастап рұқсат етіледі.

Жарысқа қатысушылар тау бөктеріндегі Алматының әсем көшелерімен жүгіріп өтеді. Сөре әл-Фараби даңғылы бойындағы Тұңғыш Президент саябағы маңынан басталып, мәре Орталық стадионда аяқталады.

Жалпы жарысқа 44 елден 10 мыңнан астам адам қатысады. Қатысушылардың дені көршілес Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінен болса, сонымен қатар Франция, Германия, Канада, Оңтүстік Корея, Жапония, Австралия және Оңтүстік Африка секілді алыс мемлекеттердің өкілдері де бар.

Жарысты ұйымдастырып отырған «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры 2012 жылдан бері Орталық Азиядағы ең ірі жүгіру шарасы – Almaty Marathon және басқа да бұқаралық жарыстарды тұрақты түрде өткізіп келеді. Қор ұйымдастыратын жарыстар 115 елдегі 445-тен астам марафонды біріктіретін AIMS халықаралық қауымдастығының ресми күнтізбесіне енгізілген. Ал жартылай марафон бағыты World Athletics талаптарына сәйкес сертификатталған.

«Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қорының атқарушы директоры Салтанат Қазыбаеваның айтуынша, қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы басқару орталығы жұмыс істейді. Оның құрамына Алматы қалалық полиция департаментінің өкілдері, жарыстың бас дәрігері және ұйымдастырушылар кіреді. Сонымен қатар «Сергек» бейнебақылау жүйесі қолданылады. Жарыс бойында 13 веломедик, 90 медициналық ерікті, 8 медициналық бекет және 10 жедел жәрдем көлігі қызмет көрсетеді. Мәреге жету аймағында қызыл және сары аймақтарға бөлінген арнайы медициналық госпиталь ұйымдастырылады. Жалпы алғанда, медициналық қамтамасыз етуге 30-дан астам дәрігер мен орта буын мамандарын тарту жоспарланып отыр.

«Жүгіру жарыстары қала экономикасына оң әсер етумен қатар, біз қатысушылар үшін жағдайды жүйелі түрде жақсартып келеміз. Мәре аймағында ана мен бала бөлмесі бар, ерлер мен әйелдерге арналған жеке әжетханалар қарастырылған, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бейімделген арнайы санитарлық тораптар орнатылған. Бұл тәжірибе Қазақстандағы жүгіру жарыстары арасында алғашқылардың бірі болып енгізілген. Биыл жарысты ұйымдастыруға 900-ден астам ерікті жұмылдырылады. Сонымен қатар әлеуметтік және экологиялық бастамалар да жүзеге асырылуда: қалдықтарды бөлек жинау жүйесі енгізіліп, «Жылу» жобасымен бірлесіп мұқтаж жандарға арналған киім жинау акциясын өткіземіз», - деді Салтанат Қазыбаева.

2024 жылы жүргізілген «Almaty Marathon-ның қала экономикасына әсері» атты зерттеу нәтижесі марафонның Алматы экономикасына айтарлықтай оң ықпал ететінін көрсетті. Жарыс өтетін екі күн ішінде шамамен мыңға жуық қатысушы 8 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсайды. Сонымен қатар серіктес компаниялардың салықтық аударымдары соңғы төрт жылда 318,9 миллион теңгеден 873,9 миллион теңгеге дейін артқан.

Қалада жүгіру мәдениеті мен инфрақұрылымы қарқынды дамып келеді: бүгінде Алматыда 40-қа жуық жүгіру клубы жұмыс істейді, ал тамақтану, медицина және спорттық жабдықтар салалары жүйелі түрде өркендеп келеді. 

Сонымен қатар өзге өңірлер мен елдерден келген қатысушылардың 79,3%-ы Алматыға қайта келуді жоспарлап отыр. Бұл қалаға деген қызығушылықтың, туристер саны мен инвестициялық тартымдылықтың арта түскенін көрсетеді.

Almaty Marathon халықаралық деңгейде де жоғары бағаланып отыр. Атап айтқанда, ол Mastercard компаниясы мен Almaty Tourism Bureau бірлесіп дайындаған қаланың туристік әлеуетіне арналған зерттеуге енгізіліп, ірі спорттық іс-шаралардың туристер саны мен экономикалық белсенділікке ықпалы ерекше айтылған.

Айта кетейік, биылғы Almaty Marathon 27 қыркүйекте өтеді, оған 16 мың адамға дейін қатысады деп болжанып отыр. Дәстүр бойынша тіркеу жарналарының бір бөлігі қайырымдылыққа бағытталып, 2012 жылдан бері жалпы құны 300 миллион теңгеден асатын 30-дан астам әлеуметтік және медициналық жоба жүзеге асырылған. Жарысқа қатысу үшін almaty-marathon.kz сайты арқылы тіркелуге болады.

Оқи отырыңыз: Алматыда «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» аңызының желісімен сатиралық қойылым өтті

Новости партнеров