Қала тұрғындары мен қонақтары мәдени іс-шараға белсенді қатысты
Халықаралық музейлер күніне орай Алматыда өткен ауқымды «Музей түні» акциясы аясында қала музейлер бірлестігіне қарасты музейлерді бір күнде 28 мыңнан астам адам тамашалады. Іс-шара Алматы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Қала тұрғындары мен қонақтары мәдени іс-шараға белсенді қатысты. Музейлер дайындаған арнайы бағдарламалар балалар мен ересектердің ерекше қызығушылығын тудырды.
Музейлер келушілер үшін таңғы сағат 10:00-ден түнгі 00:00-ге дейін ашық есік күнін өткізді. Жалпы сағат 18:00-ден түн ортасына дейін қаланың сегіз музейінде «Музейге сый» және «Жұлдызды гид» акциялары, танымдық-интеллектуалдық ойындар, шебердің дәрістері, көрмелер, аквагрим, жасанды интеллект технологияларын қолданған фотоаймақтар, музейлік дәрістер мен шығармашылық кездесулер ұйымдастырылды. Kalifarniya, Bayansulu, Жанар Айжанова, Медеу Арынбаев, «Алашұлы» және «Алатау серілері» топтары, «IL Canto» квартеті, Ерболат Құдайберген, Әлихан Байсұлтан және өзге де танымал өнерпаздар қатысқан концерт кеш қонақтарының ерекше ықыласына бөленді.
Кештің ең әсерлі жобаларының бірі — «Тарих ізімен» музейаралық квест ойыны болды. Танымал блогерлер бастаған командалар музейлерді аралап, арнайы дайындалған тапсырмаларды орындады. Қатысушылар финалдық кезеңге жолдама үшін бақ сынап, жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Алматы музейінде Қазақстанның халық артисі Меруерт Өтекешованың 75 жас мерейтойына арналған «Қазақ киносының жауһары – Қыз Жібек» көрмесінің ашылды. Экспозицияда ҚР Ұлттық музейінің, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының, М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының және Алматы қаласы мемлекеттік архивінің қорларынан алынған материалдар ұсынылды. Келушілерге «Қыз Жібек» фильміне қатысты архивтік құжаттармен қатар, костюмдер, эскиздер, реквизиттер және театр қойылымдары мен опералық спектакльдерде пайдаланылған актерлердің жеке заттары таныстырылды. Сонымен қатар Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің 45 жылдығына арналған «Уақыт айнасы: музейге 45 жыл» көрмесі де ашылды.
«Музейге сый» акциясы аясында музей қорына құнды тарихи әрі рухани жәдігерлер табысталды. Атап айтқанда, Асанәлі Әшімовтің жұбайы Бағдат Әшімова Қазақстан Еңбек Ері, КСРО халық артисі Асанәлі Әшімовтің шапаны мен сахналық костюмін Алматы музейінің қорына ресми түрде тапсырды. Сондай-ақ, музей қорына КСРО және Қазақстанның халық артисі Бибігүл Төлегенова мен Қазақстанның халық артисі Роза Рымбаеваның сахналық көйлектері қабылданды. Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейіне Роза Бағланова мен Секен Тұрысбектің домбыралары, ал Ахмет Байтұрсынұлының үй-музейіне Шолпан Ахметқызы Байсалованың таяғы табысталды. Н. Тілендиев мемориалды музейінде «Ұлы Қазақ» әлемдік бірлестігінің президенті Құсман Кәрімұлы композитордың құрметіне «Аңыз адам» орденін табыстады.
Музейлерде келушілерді Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхамеджан Тынышбаев, Қаныш Сәтбаев, Ермек Серкебаев, Роза Бағланова, Поль Гурде бейнесіндегі кейіпкерлер қарсы алды. Сонымен қатар, Құрманғазы, Қорқыт, Біржан сал, Дина Нұрпейісова, Жамбыл Жабаев, Ақан сері, сондай-ақ Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов образдары да көпшілікті тәнті етті.
Кеш қонақтарының назарын аударған жобалардың бірі — сақ жауынгерінің реконструкциясы болды. Археологиялық деректерге сәйкес, жауынгер б.з.д. V ғасырда өмір сүрген. Ол 2022 жылы Алматы музейлер бірлестігінің 2-ЖЭО аумағындағы экспедициясы кезінде табылған. 2026 жылы артефакт Қырым Алтынбеков пен Элина Алтынбекованың жетекшілігімен «Остров Крым» ғылыми-реставрациялық зертханасында зерттеліп, қайта қалпына келтірілді.
«Мөлдір махаббат» және «Ұлпан ұлағаты» қойылымдары, музейлік дәрістер мен шығармашылық кездесулер, сондай-ақ «Асанәлі Әшімов» театрының «Алматы – махаббатым» спектаклі көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
«Жұлдызды гид» акциясы аясында келушілерге Нұрдәулет Ақыш, Сәуле Жанпейісова, Зарина Алтынбаева, Мейрамбек Таубалды, Мәди Рымбаев, Толғанай Хасен және Нұрдәулет Еркінбайұлы экскурсия жүргізіп, музей экспозициялары туралы мазмұнды мәліметтер айтты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Музей түні – 2026» акциясы Алматының ең ірі мәдени жобаларының бірі ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеп, мыңдаған қала тұрғынын тарихи-мәдени мұра төңірегіне топтастырды.
Оқи отырыңыз: Алматы тұрғындары құрамында сынабы бар 480-ден астам шам мен құрылғыларды қайта өңдеуге тапсырды