Нағыз отбасылық мереке: Алматыда «Қайрат» - «Астана» мачті өтіп жатыр

26.10.2025 15:08

Бүгінгі кездесу Қазақстан футболының нағыз эль-классикосы

Алматы әкімінің баспасөз қызметі

Алматыда бүгін нағыз футбол мерекесі! Қазақстан Премьер-лигасының басты қарсыластары  «Қайрат» пен «Астана» арасындағы шешуші матчқа мыңдаған жанкүйер жиналды. Ойын алдындағы атмосфераны көргенде, бұл күнді алматылықтар үшін тек футбол кеші емес, нағыз отбасылық мейрам деуге болады, - деп хабарлайды Almaty.tv.

Бүгінгі «Қайрат» пен «Астана» арасындағы кездесу Қазақстан футболының нағыз эль-классикосы. Ойынның тағдыры чемпиондыққа тікелей әсер ететіндіктен, жанкүйерлердің қолдауы ерекше. Стадион маңында көтеріңкі көңіл күй, музыка мен ұрандар, балалардың күлкісі мен қолындағы командалық жалаушалар бәрі де бұл кештің ерекше екенін аңғартады.

Матчты тамашалауға келгендердің арасында алматылық Рамазан Ермеков те бар. Ол ұлын ертіп, сүйікті командасына жанкүйер болуға келген.

 «Бүгінгі ойын чемпиондықтың тағдырын шешеді. Қайратты қолдаймыз, жеңіске жетеді деп сенемін. Ауа райы да тамаша, барлығы да тартысты ойынның боларына ишара», дейді ол.

Ал Қаскелеңнен келген жанкүйер Алияр өз қолдауын ерекше білдіріпті. Оның жейдесінің алдына «Алматы әлем астанасы», ал артына «Қызым, сен менің сүйіктімсің» деп жазылған.

 «Бүгін екі эль-классико бар: бірі Испанияда, бірі Алматыда. Өз Қайратымның жеңісіне сенемін. Есеп 3:1, әрине Қайраттың пайдасына!» дейді ол.

Ойынға отбасымен келгендердің бірі алматылық Мирас. Ол жары мен баласымен бірге стадионға ерте келген.

 «Біз үшін мұндай матчтарға бару дәстүр. Бұл тек футбол емес, отбасылық демалыс, жақсы көңіл күй. Қайрат жеңсе, бүгінгі күн екі есе қуанышқа айналады», дейді ол.

Стадион айналасындағы шат-шадыман көңіл күй мен халықтың ықыласын көргенде, футболдың елді біріктіретін қуатты күш екенін сезесің. Алматы бүгін тек футболды ғана емес, бірлікті, отбасылық жылылықты және спорт рухын тойлап жатыр.

Оқи отырыңыз: «Қайрат» – «Астана» ойынына байланысты Алматы көшелерінің бірі жабылады