Цифрлық төлқұжат пен Volu-Coins: Алматыда еріктіліктің геймификацияланған моделі енгізіледі

пресс-служба акима Алматы
пресс-служба акима Алматы
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда 2026 жылы геймификация элементтері бар ерікті ретінде қатысудың цифрлық моделін енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Алматы қалалық Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қалалық жастар саясаты басқармасы басшысы Азиз Кажданбек мәлімдеді, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Оның айтуынша, тұрақты еріктілер инфрақұрылымын дамытуға және заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге ерекше назар аударылады. Бүгінде Алматыдағы еріктілердің фронт кеңсесі 58 мыңнан астам еріктіні біріктіреді. Тек 2025 жылдың өзінде олар қаладағы 2 мыңнан аса іс-шараға қолдау көрсеткен. Бұл еріктілер қозғалысының жүйелілігі мен ауқымын айқын аңғартады.

«Біздің басты міндетіміз – еріктілік жастар үшін бір реттік акция емес, жеке дамудың және қала өміріне араласудың түсінікті әрі ашық жолына айналуына жағдай жасау», – деді  Азиз Кажданбек.

Цифрлық модель аясында әрбір қатысушыға оның мәртебесі, жеке статистикасы, миссиялары мен жетістіктері көрініс табатын цифрлық еріктілік төлқұжаты жасалады. Сондай-ақ, Volu-Coins атты ішкі ынталандыру валютасын енгізу көзделген. Оны жабық іс-шараларға қатысуға, брендтік өнімдер алуға және қоғам көшбасшыларымен кездесулерге пайдалануға болады.

Үздік еріктілер қалалық рейтингке енгізіліп, стратегиялық жобаларға тартылады. Арнайы визуалды цифрлық карта еріктілік жолды және қалалық бастамаларға қатысу деңгейін көрнекі түрде бақылауға мүмкіндік береді.

Бұған қоса, 2026 жылы Алматыда «Almaty Volunteers 2026» лендингін іске қосу, жастар алаңдарында экосұрыптау пункттерін ашу, Еріктілер академиясының жұмысы, жазғы көшбасшылық лагерін өткізу, сондай-ақ Volunteer Skills Map цифрлық картасын енгізу жоспарланған. Сонымен қатар еріктілік орталықтардың жұмысын біріздендіретін ортақ стандарттар, верификация тетіктері және еріктілер мәртебесін дамытуға арналған ұсыныстар әзірленіп жатыр.

Оқи отырыңыз: Алматыда Есентай өзеніндегі велосипедшілер мен жүргіншілерге арналған көпірдің құрылысы кезінде 80 ірі көлемді ағаш егіледі

Новости партнеров