City Run: 15 қарашада Алматының бірқатар көшесінде көлік қозғалысы шектеледі
Спортшылар өткен жол бөліктері біртіндеп көлік қозғалысына қайта ашылады
15 қарашада, яғни жексенбі күні Алматыда биылғы жүгіру маусымын қорытындылайтын City Run жарысы өтеді. Оны «Бірінші болуға батылдық» корпоративтік қоры қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырады. Биыл жарысқа 20-дан астам елден 2 500 адам қатысады. Осыған байланысты жарыс өтетін күні қаланың кейбір көшелерінде көлік қозғалысы уақытша шектеледі, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жүгіру жарысына байланысты сағат 08:00-ден 10:00-ге дейін маршрут бойындағы кейбір көшелерде көлік қозғалысы шектеледі. Спортшылар өткен жол бөліктері біртіндеп көлік қозғалысына қайта ашылады.
Жарыс «Астана» алаңынан басталып, сол жерде аяқталады. Осыған байланысты 15 қараша күні сағат 04:00-ден 12:00-ге дейін Төле би көшесінің Назарбаев даңғылынан Абылай хан даңғылына дейінгі бөлігінде екі бағыттағы көлік қозғалысы толық тоқтатылады.
- Сағат 08:00-ден 10:00-ге дейін Төле би көшесінің Абылай хан даңғылынан Наурызбай батыр көшесіне дейінгі бөлігі толық жабылады;
- Сағат 08:00-ден 10:00-ге дейін Наурызбай батыр көшесінің Төле би көшесінен Құрманғазы көшесіне дейінгі бөлігі толық жабылады;
- Сағат 08:00-ден 09:35-ке дейін Бөгенбай батыр көшесінің Наурызбай батыр көшесінен Назарбаев даңғылына дейінгі бөлігі толық жабылады;
- Сағат 08:00-ден 09:15-ке дейін Қабанбай батыр көшесінің Наурызбай батыр көшесінен Назарбаев даңғылына дейінгі бөлігі толық жабылады;
- Сағат 08:00-ден 08:55-ке дейін Шевченко көшесінің Наурызбай батыр көшесінен Назарбаев даңғылына дейінгі бөлігі толық жабылады;
- Сағат 08:00-ден 08:35-ке дейін Құрманғазы көшесінің Наурызбай батыр көшесінен Назарбаев даңғылына дейінгі бөлігі толық жабылады.
Жол жабу уақыты жарысқа қатысушылардың жүгіру қарқынына қарай есептелген.
Жарыс өтетін орынға көлікпен баруды жоспарлағандар жол қозғалысына қойылған шектеуді ескере отырып, ең ыңғайлы бағытты 2GIS қосымшасы арқылы анықтай алады.
Жүгіру жарысында екі қашықтық қарастырылған: 10 шақырымдық жүгіру сағат 08:00-де, ал 5 шақырымдық скандинавиялық жүріс сағат 08:10-да басталады. Биылғы жарысқа әлемнің 20 елінен 2 500 адам қатысады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, әлемнің көптеген елінде жүгіру жарыстары мегаполистердің орталығында өтіп, қала тұрғындарына мерекелік көңіл күй сыйлап, ортақ іс-шараға біріктіреді. Жанкүйерлер көшеге шығып, жалаушалар мен қолдау сөздері жазылған плакаттар ұстайды. Мұндай жарыстар біртіндеп қала мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналып келеді.
Қор ұйымдастыратын спорттық іс-шаралар, соның ішінде Almaty Marathon марафоны да қала экономикасының дамуына үлес қосады. Мұндай жарыстар салық түсімінің артуына, спорттық туризм мен жергілікті кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді.
Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, 2026 жылы қор ұйымдастырған Алматыдағы жүгіру жарыстарының экономикаға тигізген есептік әсері 20,63 млрд теңге болған. Ал бюджетке түсетін салық көлемі 3,67 млрд теңге деп бағаланған. Басқа қалалар мен шетелден келген жүгірушілер барлық қатысушының бестен бірін ғана болғанымен, олардың шығыны жалпы жұмсалған қаражаттың төрттен үшіне жуық болған. Шетелдік қатысушылардың 87%-ы Алматыға қайта келуге ниетті.
Оқи отырыңыз: Халық Кеңесінің алматылық өкілдері Президент Жолдауының басым бағыттарын қолдады