ІІМ жастарды қылмыстық ықпалдан қорғау бағытындағы жұмысты күшейтті
Оқушылар мен студенттерді бопсалаудан қорғау бағытында да жеке жұмыстар жүргізілуде
Ішкі істер министрлігі жасөспірімдер мен жастар арасындағы қылмыстың алдын алу бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастыруда. Негізгі назар профилактикаға, қауіп-қатерлерді уақтылы анықтауға және жастардың қылмыстық ортаға тартылуына жол бермеуге аударылып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жыл басынан бері полиция қызметкерлері мектептерде, колледждерде және басқа да білім беру ұйымдарында екі мыңнан астам профилактикалық іс-шара өткізді. Әсіресе бопсалаудың және қылмыстық идеологияның таралуының алдын алуға ерекше көңіл бөлінуде.
- Профилактикалық жұмыстармен қатар жастарға кері ықпал ететін адамдар мен топтардың қызметін тоқтату шаралары қабылдануда. Биыл өңірлерде осындай 40-тан астам топ анықталды. Түрлі қылмыстар мен құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 100-ден астам адам ұсталды.
Оқушылар мен студенттерді бопсалаудан қорғау бағытында да жеке жұмыстар жүргізілуде. Кәмелетке толмағандарға қатысты осындай қылмыстар жасаған төрт топтың қызметіне тосқауыл қойылды.
Сонымен қатар полиция ұйымдасқан қылмыстық топтарға, оның ішінде жастарды құқыққа қайшы әрекеттерге тартуға ұмтылатындарға қарсы күрес жүргізуде. Жыл басынан бері ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты 47 қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық топтардың 240-тан астам мүшелері жауапкершілікке тартылуда.
Қабылданып жатқан шаралар қылмыстық қауіп-қатерлерді уақтылы анықтауға, құқыққа қайшы әрекеттердің жолын кесуге және жастарды қылмыстық ықпалдан қорғауға мүмкіндік береді, - деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
ІІМ бұл бағыттағы жұмысты білім беру ұйымдарымен, ата-аналармен және қоғаммен бірлесіп жалғастырады. Басты бағыт - құқық бұзушылықтардың ерте кезеңде алдын алу және "Заң мен Тәртіп" қағидаты аясында өскелең ұрпақ үшін қауіпсіз орта қалыптастыру.
Оқи отырыңыз: Халық Кеңесінің алматылық өкілдері Президент Жолдауының басым бағыттарын қолдады