Дархан Сатыбалды Алматыны қысқы маусымға дайындау және құрылыс жұмыстарына бақылауды күшейтуді тапсырды

09.11.2026 16:27

Жиында тұрғындардың денсаулық сақтау саласына қатысты шағымдарына ерекше назар аударылды

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды кеңейтілген аппараттық кеңесте қаланың қысқы маусымға дайындығын пысықтап, коммуналдық қызметтің жұмысын күшейтуді тапсырды. Жиында сондай-ақ құрылыс жұмыстарының сапасы, жолды қалпына келтіру, медициналық қызмет көрсету және су басудың алдын алу мәселелері қаралды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жиында тұрғындардың денсаулық сақтау саласына қатысты шағымдарына ерекше назар аударылды. Қала басшысы медициналық қызмет сапасына байланысты өтініштерді жан-жақты әрі объективті талдауды тапсырды. Бұл ретте мемлекеттік медициналық мекемелерге, жекеменшік клиникалар мен стоматологиялық ұйымдарға қатысты шағымдарды жеке қарастыру қажеттігін атап өтті.

Кеңес барысында Алматыда медициналық көмекке жүгінетін науқастардың шамамен 34%-ы Алматы облысының тұрғындары екені айтылды. Осыған байланысты тиісті басқармаға медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, аурулардың алдын алу және халықты вакцинациялау жұмыстарын жалғастыру міндеті жүктелді.

Қаланың санитарлық жағдайы да назардан тыс қалмады. Жауапты мамандардың мәліметінше, арық жүйесіндегі 129 проблемалық учаскенің 125-і ретке келтірілген. Қалған төрт учаскеде жұмыстар жалғасып жатыр. Дархан Сатыбалды су басу мәселесін кешенді түрде шешу қажеттігін айтып, жаңбыр суын жинауға және бұруға арналған арнайы резервуарлар салу мәселесіне назар аударды.

Қысқы маусымға дайындық аясында мердігер ұйымдар 115 арнайы техника, ал «Алматы Тазалық» коммуналдық кәсіпорны 200 техника сатып алған. Көктайғаққа қарсы қолданылатын материалдардың қоры толық жасақталған.

Жауын-шашын кезінде қалада жалпы саны 1 579 адамнан тұратын 85 жедел бригада кезекшілік атқарады. Олардың қарамағында 415 техника, 97 мотопомпа және 5 мыңға жуық құм салынған қап болады. Қажет жағдайда коммуналдық кәсіпорындар, мердігер ұйымдар, қалалық құтқару қызметі мен Төтенше жағдайлар департаментінің күштері жұмылдырылады.

Сонымен қатар кеңесте Алматы аудандарындағы құрылыс-монтаж жұмыстарының барысы қаралды. Қала әкімі жұмыстың белгіленген мерзімде әрі сапалы орындалуын қатаң бақылауға алуды талап етті.

Дархан Сатыбалды жер қазу жұмыстары жүргізілген аумақтардағы жол жабындары мен аула аумақтарын биылғы 30 қарашаға дейін толық қалпына келтіруді тапсырды.

Оқи отырыңыз: Алматыда кәсіпкерлікке көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдау көлемі артты

Толық көрсету