Дархан Сатыбалды: Ашық болу, тұрғындармен диалог орнату – басты ұстаным

21.09.2025 12:58

Әкім аудандарды аралап, мәселені шешу жолдарын іздестіруді жалғастыратынын айтты

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы әкімі Қала күніне орай шаһар тұрғындарын мерекемен құттықтады. Ол сондай-ақ, өз жұмысының басым бағыты ашық болу және тұрғындармен тұрақты диалог орнату екенін айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру қабылданатын шешімдердің ашық болуы арқылы жүзеге асады», – деді Алматы әкімі Дархан Сатыбалды өз сөзінде.

Ол бұған дейін Алматы әкімдігі қала тұрғындарына уәде еткендей, ашық болып, есеп беріп және тұрақты диалог жасау негізінде жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті. Әкім аудандарды аралап, әрбір мәселені нақты орнында қарап, шешу жолдарын іздестіруді жалғастырып жатқанын да баса белгіледі.

Алматы қаласының әкімі барша алматылықты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында алға қойған нақты мақсаттарды жүзеге асыруға жұмыла атсалысуға шақырды.

«Тек күш-жігерді біріктіру арқылы Алматыны  жайлы, жасыл, заманауи әрі қауіпсіз мегаполиске айналдыруға болады», – деді шаһар басшысы.

Оқи отырыңыз: Алматы – әлеуметтік инфрақұрылымы қарқынды дамып жатқан мегаполис