Дархан Сатыбалды Google-дың білім беру саласы бойынша жетекшісімен кездесті

20.06.2025 18:05

Алматы әкімі компаниямен алматылық мектептерге цифрлық технологияларды енгізу мәселесін талқылады

 

 

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Google корпорациясының Еуропа мен Орталық Азиядағы білім беру бағытына және EMEA өңіріндегі жоғары білім саласына жетекшілік ететін Анна Артемьева ханыммен ресми кездесу өткізді. Кездесу барысында қала мектептерінің білім беру жүйесіне цифрлық құралдарды енгізу мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Дархан Сатыбалды цифрлық технологиялардың қоғам дамуындағы, әсіресе жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын ерекше атап өтті.

«Цифрландыру – бұл жай ғана инфрақұрылымды жаңарту емес, бұл білім берудегі көзқарасты түбегейлі өзгерту. Ол оқушылардың сыни ойлау қабілетін, цифрлық сауаттылығын арттырып, жасанды интеллект мен бұлтты технологияларды меңгеруге жол ашады», – деді әкім.

Алматыда Google for Education платформасының пилоттық жобасы сәтті жүзеге асып, оның аясында қаланың барлық мектебіндегі мұғалімдер оқудан өтті. 2025 жылы қыркүйек айынан бастап Google for Education Fundamental Plus деп аталатын платформаның жаңа, кеңейтілген нұсқасы енгізіледі. Жоба 18 мыңнан астам мұғалімді және 9-10 сыныптарда оқитын 20 мыңнан аса оқушыны қамтиды.

«Google компаниясының білім беру саласындағы шешімдері қаланың оқу жүйесін цифрлық тұрғыда жаңғыртуда ерекше рөл атқарады», – деді Дархан Сатыбалды.

Кездесуде алдағы уақытта ашылатын Gemini Academy Almaty жобасына да айрықша мән берілді. Бұл халықаралық деңгейдегі цифрлық білім орталығы болмақ. Мұнда ұстаздар мен оқушылар жасанды интеллект, машиналық оқыту, бұлтты технология сынды заманға сай бағыттар бойынша білім алып, дағдысын дамыта алады. Академия EdTech және цифрлық сауаттылық саласындағы жетекші бастама ретінде танылып, Қазақстан мен бүкіл Орталық Азия өңіріне цифрлық педагогтарды даярлайтын орталыққа айналмақ.

Сондай-ақ кездесуде цифрлық қауіпсіздік, мұғалімдердің кәсіби дамуы, жасанды интеллектті оқу үдерісіне енгізу және оқушылардың оқу белсенділігін талдау құралдарын қолдану сынды мәселелер де талқыланды.

Анна Артемьева Алматы әкімдігінің жоғары деңгейдегі ынтасын атап өтіп, алдағы уақытта да серіктестікті нығайтуға әзір екенін жеткізді.

Кездесу соңында тараптар ортақ білім беру бастамаларын бірлесе жүзеге асыруға және Алматыдағы цифрландыру тәжірибесін кеңейтуге өзара қызығушылық білдірді.

Оқи отырыңыз: Демалыс маусымы: Алматыда оқушылардың алғашқы легі «Өрнек» лагеріне аттанды