Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қала аудандарындағы құрылыс және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, сондай-ақ ақпараттық жұмыс мәселелері бойынша кеңейтілген аппараттық кеңес өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл туралы инстаграм парақшасына жазған шаһар басшысы жұмыс кестесінен қалып қойған нысандарға жеке тоқталғанын айтты.
"Қала аудандарында құрылыс және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ ақпараттық жұмыс мәселелері бойынша кеңейтілген аппараттық кеңес өткіздім.Жұмыс кестесінен қалып қойған нысандарға жеке тоқталдық. Мердігерлердің жұмысына бақылауды күшейтіп, жұмыс қарқынын арттыруды және белгіленген мерзімнің кейінге шегерілуіне жол бермеуді тапсырдым", - деп жазды ол.
Сондай-ақ жер қазу жұмыстарынан кейін аумақтарды абаттандыруды қалпына келтіру мәселесіне назар аударылды. Әкімнің айтуынша, апаттық қазу жұмыстары жүргізілген барлық учаске уақытылы жабылып, аумақтар ретке келтірілуі тиіс. Қалған учаскелердегі қалпына келтіру жұмыстары да келісілген мерзімде аяқталуы қажет.
Дархан Сатыбалды ең алдымен жылыту маусымы басталғанға дейін нысандардың толық дайындығын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Жауапты басшыларға жұмыс мерзімдерінің сақталуы мен орындалған жұмыстардың сапасына жауапкершілік жүктелді.
Оқи отырыңыз: Алматыда Абай театрының 93-маусымы «Мұра» гала-концертімен ашылады