Дархан Сатыбалды Алматының жылумен қамту нысандарының жылу маусымына дайындығын тексерді

29.09.2026 14:42

Сонымен қатар тұрғындармен кездесіп, олардың инфрақұрылымға қатысты сұрағы мен ұсынысы айтылды

пресс-служба акима Алматы

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары барысында қаланың негізгі жылумен қамту нысандарының жағдайымен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Аралау кезінде Оңтүстік аудандық қазандық, «Орбита» қазандығы және Әуезов ауданындағы жылу желілерін қайта жаңғырту аумағы тексерілді.

Алғашқы нысан – Қожанов көшесіндегі Оңтүстік аудандық қазандық. Ол 1 553 нысанды, оның ішінде 356 көппәтерлі тұрғын үй мен 16 білім беру нысанын жылумен қамтамасыз етеді. Қайта жаңғырту аясында мұнда үш қазандық ауыстырылып, тағы біреуі жаңартылды, сондай-ақ қосалқы жабдықтар жаңғыртылды. Жобаны іске асыру қазандықтың қуатын сағатына 55 Гкал-ға арттырып, шамамен 200 мың тұтынушыны жылумен қамтудың сенімділігін күшейтуге мүмкіндік береді.

Одан кейін Дархан Сатыбалды «Орбита» аудандық қазандығына барды. Нысан 1973 жылдан бері жұмыс істейді. Қазандыққа 1 312 нысан қосылған, оның ішінде 925 көппәтерлі тұрғын үй, 39 білім беру және 17 денсаулық сақтау нысаны бар. 2026 жылы мұнда жөндеу жұмыстары жүргізілді.

«Басты міндет – ең жоғары жүктеме кезінде тұрғындарды тұрақты жылумен қамтамасыз ету. Тозу деңгейі жоғары нысандарды кезең-кезеңімен жаңғыртып, барлық жұмысты сапалы әрі белгіленген мерзімде орындау қажет», – деді Дархан Сатыбалды.

Жұмыс сапарының соңғы нүктесі Саин – Момышұлы – Ұлықбек – Абай көшелері аралығындағы жылу желілерін қайта жаңғырту учаскесі болды. Жылу трассасы 1988 жылдан бері пайдаланылып келеді және нормативтік пайдалану мерзімін өтеген. Соңғы үш жылда мұнда 10 зақымдану дерегі тіркелген. Қазір нысанның дайындығы 80%-ға жетті, биыл шамамен 120 метр жылу желісі ауыстырылды. Жаңғырту аяқталғаннан кейін 45 көппәтерлі тұрғын үйдің, 15 өзге нысанның және бір балабақшаның жылумен қамтылу сенімділігі артады.

Нысанда тұрғындармен кездесу де өтті. Қала тұрғындары қалалық инфрақұрылымға қатысты сұрағы мен ұсынысын айтты. Кездесу қорытындысында тиісті қызметтерге нақты тапсырма берілді.

Жалпы, 2026 жылы Алматыда 20,1 шақырым жылу желісін қайта жаңғырту және жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның 15,8 шақырымы аяқталды.

Толық көрсету